Саломе Зурабишвилидің жеңісі: Грузия халқы 16 желтоқсанда жаңа президентін ұлықтайды

Грузиядағы президент сайлауында тәуелсіз кандидат Саломе Зурабишвили жеңіске жетті. Елдің Орталық сайлау комиссиясы сайлау қорытындысын жария етті.

Бюллетеньдерді есептеудің нәтижесінде Саломе Зурабишвилидің 59,52% дауысқа, оппозиционер Григол Вашадзенің 40,48% дауысқа ие болғаны анықталды. Президент сайлауының екінші турында Зурабишвилиді сайлаушылардың 1,1 миллионнан астамы, Вашадзені 780 мыңнан астам адам қолдаған.

Алдын ала мәлімет бойынша дауыс беруге ел аумағындағы сайлаушылардың 56,23%-ы қатысқан. Грузияның Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, бұл — дауыс беру арқылы өтіп отырған соңғы президент сайлауы, келешекте мемлекет басшысын 300 делегат тағайындайды.

Саломе Зурабишвили 6 жыл мерзімге сайланып отыр. Оның ұлықтау рәсімі 16 желтоқсанда өтеді.

Саломе Зурабишвили 1952 жылы 18 наурызда Парижде грузиннің саяси эмигранты отбасында дүниеге келген. Ол Францияның Ішкі істер министрлігі жүйесінде 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеген. 2004-2005 жылдары Грузия Сыртқы істер министрі болды. 2005 жылдың қараша айында «Грузия жолы» оппозициялық партиясын құрды. Бұл саяси партия 2007 және 2009 жылдардағы наразылық акцияларына қатысты. Грузия саясатынан кететінін мәлімдегенімен 2013 жылы президент сайлауына қатысуға ниет білдірді, бірақ қос азаматтығы болуына байланысты үміткер ретінде тіркеуге алынбады. Биыл Грузиядағы президент сайлауына қатысу үшін Франция азаматтығынан бас тартты.

ДереккөзRia.ru