Нұрсұлтан Назарбаев өзіне жаңа көмекші тағайындады

Қазақстан Президентінің жаңа көмекшісі тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Ерұлан Кенжебекұлы Жамаубаев Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болып тағайындалсын, — делінген Президенттің жарлығында.

Ерұлан Жамаубаев
Ерұлан Жамаубаев. Фото: Kapital.kz
Бұған дейін Президенттің көмекшісі қызметін атқарған Тимур Жақсылықов Мемлекет басшысының жарлығымен қызметінен босатылды. Ол бұл қызметке осы жылдың 21 қыркүйегінде тағайындалған еді.

Сонымен бірге бүгін Мемлекет басшысының өкімімен Ерұлан Жамаубаев Президент Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылды.

Ерұлан Жамаубаев 1974 жылы 25 наурызда дүниеге келген. 1995 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, 2009 жылы Т.Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетінің бизнес-мектебін бітірген.

1996-98 жылдары Қазақ мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы, 1998-2006 жылдары ҚР Ұлттық банкі зерттеулер және статистика департаментінің жетекші аналитигі, бас аналитигі, бас маман-аналитигі, басқарма басшысы және директорының орынбасары болды.

2006-2014 жылдары ҚР Ұлттық банкінің үйлестіру департаментінің директоры, 2014-2015 жылдары «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарушы директоры, 2015 жылдың шілдесінен қарашасына дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды.

2015 жылдың қарашасында Президент Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды.