Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің алдын ала есебі бойынша Қазақстанда салық амнистиясына 90 077 шағын және орта бизнес субъектісі ілінеді. Бұл туралы комитеттің баспасөз қызметі хабарлады.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев биылғы 5 қазандағы Жолдауында 2019 жылдың 1 қаңтарынан шағын және орта бизнес үшін салық амнистиясын жүргізуді тапсырған еді.
Қазақстанда салық амнистиясы бірнеше рет жүргізілген. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында амнистия үш рет (1997-1999 жылдары, 2011 және 2015 жылы) жүргізіліп, қаржылық-шаруашылық сала айыппұлдар мен қарыздардан құтылған болатын, — делінген комитеттің хабарламасында.
2011 және 2015 жылдарғы акциялар барысында айыппұлдар мен өсімпұлдар бойынша жалпы сомасы 143,7 миллиард теңгенің қарызы кешірілді. Қазіргі уақытта шағын және орта бизнес субъектілеріне жеңілдік жасау үшін салық заңнамасына енгізілетін өзгерістерді мемлекеттік органдар мен «Атамекен» ҰКП мақұлдады.
Комитеттің есебі бойынша Қазақстанда салық амнистиясына 90 077 шағын және орта бизнес субъектісі ілінеді. 2018 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша олардың салық бойынша 340,6 миллиард теңге қарызы бар. Оның 122,9 миллиард теңгесі — өсімпұл, 7,3 миллиард теңгесі — айыппұл. Бұл сомалар 210,4 миллиард теңге көлеміндегі негізгі қарыз өтелген жағдайда ғана кешіріледі. Уақыттың өзі салық амнистияларын жүргізу — кәсіпкерлерді қолдауда тиімді механизм екенін, аталмыш қадамның стратегиялық маңызы барын дәлелдеп отыр. Салық мәселесі бойынша көрсетілетін көмектің айтарлықтай пайдасы байқалатыны анық. Бұл ретте бизнес өкілдерінің негізгі қарызды жабуға деген қызығушылығы арта түседі, — делінген комитеттің хабарламасында.