Басты бетЖаңалықтарАстанада абаттандыру...

Астанада абаттандыру ережесін бұзған құрылыс компаниялары жазаланды

Байқоңыр ауданының табиғатты қорғау полициясы қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру ережелерін бұзған 176 құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты. 2018 жылдың 1 қазанында құрылған мекеменің жұмысы туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Табиғатты қорғау полициясы 1 310 725 теңге көлемінде айыппұл салу туралы қаулы шығарды. Оның 751 562 теңгесі өтелді.

Баспасөз хабарламасының мәліметінше, бекітілген аумақтарды қарау кезінде табиғатты қорғау полиция қызметкерлері аудандық әкім аппаратының мамандарымен бірлесе отырып, құрылыс алаңдары мен учаскелердің қаланы абаттандыру ережелерінің талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексеру жұмыстарын жүргізеді.

Іргелес аумақтардан қар, мұздақтар, қоқыстарды уақытылы жинамаған, шығармаған, құрылыс аумағынан тыс құрылыс материалдарын жинаған, қоршаудың және нысанның құрылыс паспортының болмауы, үлкен жүк автокөлігінің дөңгелектерін жуу пункттері болмағаны үшін 57 құрылыс компаниясы жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы — 986 050 теңге, — делінген Байқоңыр ауданының баспасөз хабарламасында.

Белгіленбеген жерде қар, қоқыс, бетон, балшық төккені үшін жыл басынан бері 43 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.

Хабарламада табиғатты қорғау ережесін бұзғандар Астана Полиция департаменті басшылығының тұрақты бақылауында болатыны жазылған.