Астанада соңғы 10 ай қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметтің 67 %-ы электронды форматта көрсетілді. Бұл туралы қала әкімі Бақыт Сұлтанов «Мемлекеттік органдардың ашықтығы және қолжетімділігі. «Оpen space» кеңістік технологиясын қолдану» атты семинар-кеңесте айтты.
Бақыт Сұлтановтың айтуынша, әкімдік жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуде заманауи ақпараттық коммуникациялық технологияларды (АКТ) енгізу ерекше рөл атқарады.
«АКТ билік пен азаматтардың коммуникациясын барынша қарапайым етіп, оның аясын айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді. Осы ретте халықпен өзара әрекеттесу кезіндегі әкімдіктің табандылығы мен ымырасыздығы ең алдымен мемлекет басшысының саяси еркімен, бастамаларымен, қоғамның қолдауымен түсіндіріледі, — деді әкім.
«Астана – адалдық алаңы» жобасы азаматтарға қызмет көрсетудің сапасын жақсартқан.
Жұмыстар әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және білім саласында жүргізілді. Мемлекет басшысы Жолдауында да бұған өзінің оң бағасын берген еді. Жобалық менеджменттің әдістерін қолдану ресурстарды аз көлемде пайдалану арқылы қойылған міндеттерге қол жеткізуде өзінің тиімділігін көрсетті. Басты міндет – халыққа қызмет көрсету барысында жеке және әкімшілік кедергілерді жою. Бүгінгі таңда азаматтар үшін ыңғайлы жағдай жасау мен меммекемелердің қолжетімділігін қамтамасыз ету өте маңызды, — деді Бақыт Сұлтанов.
Семинар-кеңесте қоғамдық бақылау мен мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталған «Астана – адалдық алаңы» аясында әзірленген жобалар таныстырылды.
Айта кетейік, Астана әкімдігі мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірлескен «Астана – адалдық алаңы» жобасы осы жылдың ақпан айынан бастап іске асырылып жатыр. Ол тұрмыстық жемқорлықты түбірімен жоюға, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын және қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған.