Бақыт Сұлтанов: ҮЕҰ — мемлекеттің сенімді серіктесі

Қалалық VIII Азаматтық форум тиімді азаматтық қоғам мен мемлекеттің әріптестігінің шартын талқылады. Шара Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасын іске асыру шеңберінде өтті.

Форумның жұмысына Астана әкімі Бақыт Сұлтанов, Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, Парламент және қалалық мәслихат депутаттары, қалалық мемлекеттік органдардың басшылары, ҮЕҰ өкілдері, саяси партиялар қатысты.

Қала әкімі Бақыт Сұлтанов Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жүргізілген реформалардың басты міндеті қазақстандықтардың тұрмысын жақсартуға бағытталғанын, ортақ мақсатта қоғамның бірігуі маңызды екенін атап өтті.

Қазіргі таңда Астана әкімдігі 30 ҮЕҰ-мен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар 66 ірі жобаны іске асырып жатыр. Жобаларға бөлінген қаржы көлемі — 463 миллион теңге. Мысалы, «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында білім басқармасының қызметіне талдау және ведомствоға қарасты ұйымдарға мониторинг жүргізіліп жатыр. Оған ҮЕҰ өкілдері мен ата-аналар бірлестігі қатысады. «Қарсы» жастар ұйымының өкілдерімен бірге жастар арасында жемқорлыққа қарсы түсінік қалыптастыру жобасы да іске қосылды. Мектепте басқа да құқықбұзушылыққа қатысты әлеуметтік сауалнама жүргізілді.

Бірнеше ҮЕҰ халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырып жатыр. Мысалы, «Құқық» қоғамдық қорының дағдарыс орталығын құру туралы тәжірибесі өте пайдалы деп танылды. Бұл орталық девиант мінез-құлық белгілері бар, кәмелет жасына толмағандарды әлеуметке бейімдеудің тиімді жүйесін құрды. Қазіргі таңда қоғамдық қор аймақтарда осы тектес 11 дағдарыс орталығын құрып, әскери және террористік белсенділік аймағынан келген балаларды әлеуметтендіру жұмысын жүргізіп жатыр.

«Денсаулық аймағы» қоғамдық бірлестігі репродуктив денсаулықты сақтау, отбасыны жоспарлау жобасын іске қосты. Онда жоғары сынып оқушылары мен жасөспірімдерге, жастарға консультация беру, медицина және әлеуметтік қызметкерлерді оқыту қолға алынған.

«ДОС» Тәуелсіз өмір» мүгедектер қоғамдық бірлестігі тірек-қозғалыс аппараты бұзылған тұлғаларды бейімдеу орталығын құрды. Орталықтан 120 адам арт-терапия әдісін қолданып, оңалтудан өтеді. Олар: музыкотерапия, қолданбалы өнер-терапия, саз балшық-терапиясы.

Бұдан бөлек, Астананың қоғамдық өмірін дамытуға «Ардагер», «Қазақстан әйелдері қауымдастығы», «Астана қаласы мүгедек балалар бірлестігі», «Ілтипат», «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау бірлестігі», «Қазақстанда парламентаризмді дамыту» қоғамдық қоры, «Оңалту технологиялары және концепция» және т. б. сияқты көпжылдық тәжірибесі бар ҮЕҰ өкілдері қатысып жатыр.

«Жасыл ел» құрылысшы студенттер мен жастар еңбек жасағы қаланы жасылдандыру жұмысын сәтті жүргізді. Олардың ішінде 1000 адам жұмыспен қамтылып, 3,5 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Жекеменшік «Қазақстан жастар конвенті» қоры жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша «Сақшы» студенттер құқықтық жасағын құрды. Студенттер жасағының қатарында 210 адам бар.

Елорданың мәдени өмірін дамыту бойынша да түрлі бағдарламалар сәтті іске асырылып келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы кең қолдауға ие болды және қоғамның модернизациясына қуатты серпіліс берді. Бұл сұрақтар да ҮЕҰ назарынан тыс қалмады. Мәселен, осы жылы «Менің Отаным – Қазақстан» экология-өлкетану орталығы құрылып, Астана оқушыларын тәрбиелеп жатыр. Орталық жұмысы бойынша Астананың барлық мектептерінде 3780 оқушысы бар лидерлер активі құрылды. Орталық балаларды каникул кезінде туған өлкесі мен республика бойынша туристік жорықтарға, өлкетануға арналған экспедицияларға, тақырыптық экскурсия ға шығарады.

ZhasStar жастар саясаты орталығы және «Әлеуметтік қор және жастарды тұрақты дамыту» қоғамдық қоры шығармашыл жастардың бастамаларын қолдау бойынша жобаларды іске асырады. Оның қатарында «Жастар жалыны», «Жас ақындар айтысы» бар. Оған 1000-нан аса талантты жас қатысты.

Бүгін біз үкіметтік емес ұйымдарды Қазақстандағы азаматтық қоғамның даму институттары ғана емес, мемлекеттің де сенімді серіктесі деп сеніммен айта аламыз. Олар өздеріне көптеген әлеуметтік функцияларды жүктеу арқылы әлеуметтік саладағы түрлі мәселелердің шешім табуына үлесін қосып жатыр. Оның ішінде цифрландыру сияқты маңызды бағыттар бар. Басты мақсаты — елдегі адам капиталын дамыту, – деді Астана әкімі Бақыт Сұлтанов.

Осыған байланысты әкім азаматтық қоғамның дамуы үшін және үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне қажеттінің барлығын ұсыну керeгін айтты. Ол үшін әкімдік азаматтық бастамаларды қолдау орталығын құруды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, форумды Астана әкімдігі, қоғамдық даму істері басқармасы және «НКО-Астана форумы» ЗТБ ұйымдастырды.

ДереккөзAstana.gov.kz