«Алтын бұғы» мүсіні Теректі ауданының көркін келтірді

Ақ Жайық өңірінде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында бірнеше іс-шара атқарылды. Солардың ішінде туған жерге атымтай азаматтар тарапынан сыйға тартылған ескерткіш-мүсіндер де аз емес.

Таяуда облыс орталығына тиіп тұрған Теректі ауданына қарасты Подстепный ауылының кіре берісіне «Алтын бұғы» мүсіні орнатылды. Ресейдің Орынбор губерниясынан бастап жалғасатын жолдың бойына қойылған ескерткіштің авторы Манас Аққожин есімді ауыл азаматы. Подстепный елді мекеніндегі орта мектепте ұстаздық ететін шебер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осы туындыны жасап, ауылдастарына сыйға тартуды дұрыс санаған.

Манас Аққожинның айтуынша, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» жобасының негізгі бағыттарының бірі «Тәрбие және білім» бағытында қазақстандық патриотизм рухымен үйлесе дамыған тұлғаны тәрбиелеу көзделсе, «Атамекен бағытында қазақстандықтардың азаматтық белсенділігін және атамекенге деген жауапкершілікті күшейтуге, «Рухани Қазына» бағытында туған жердің дәстүрін, тарихын және мәдениетін құрметтеуге баса назар аударылған.

Мемлекетіміздің жаңа заман жағдайында қарыштап алға басуы үшін әр азамат қолынан келгенінше туған жеріне жақсылық жасауды алдына мақсат ретінде қойғаны дұрыс. Осыған орай еліміздің өткеніне көз жүгірте отырып, халқымыздың асыл мұраларын танып, дәріптеп, дамыту бағытында жасалған шауып бара жатқан алтын бұғының мүсіні бағзы замандағы бабаларымыз алтыннан құйған жануарлардың стильденген тамаша мүсіндеріне еліктеуден туындаған дүние. Бұл шығарманы көрермен көпшілікке ұсынудағы мақсатым – қазақ халқының тарихы ғасырлар қойнауының тереңінде жатқанынан хабар беру, сонау сақ дәуірінен бері үзілмей келе жатқан ұрпақтар арасындағы бай мәдени-рухани байланысты айта отырып, өскелең ұрпаққа эстетикалық тәрбие беру, – дейді Манас Аққожин.