«Евровидение» фанаттары Қазақстанның Junior Eurovision-2018 байқауындағы дебютін жоғары бағалап отыр. Олар енді біздің елді ересектер арасында өтетін байқаудан көргісі келеді.
Baribar.kz-ке «Евровидениенің» Егор Гулянц есімді фанаты пікір білдірді. Ол Junior Eurovision-2018 байқауында Қазақстанның алғашқы қадамы сәтті болғанын айтты.
Мен «Евровидениенің» ресейлік фанатымын. Байқауға 2009 жылдан бастап қызығып, 2011 жылы оны бүге-шігесіне дейін қарадым да, содан бастап толыққанды фанаты болдым. «Балалар «Евровидениесі» — айтарлықтай тартымды байқау, әрине, ересектер байқауымен салыстыруға келмейді, дегенмен деңгейі бір. Мен балалар байқауына фанат ретінде емес, қарапайым көрермен ретінде қараймын. Қазақстан — әлдеқандай таңғажайып, себебі эстрадаларыңыздың шағын ғана бөлшегімен жақында ғана таныстым және сіздерде тамаша таланттар бар екенін көріп, аң-таң болдым, таланттарыңыз әлі де көп туады деп ойлаймын, — дейді ол.
Егор Гулянцтың айтуынша, қазылар жоғары ұпай бермегенімен Данэлия Төлешованың көрерменнің көп дауысына ие болуы оның өте тамаша өнер көрсеткенін айғақтайды.
Данэлияны өте жақсы білемін, байқауға Қазақстанның атынан сол қатысады деп хабарланған кезде бәрін түсінгенмін. Біріншіден, ол — адам айтқысыз ерекше тембрі бар бала, Украинадағы «Балалар «Дауысы» байқауының жеңімпазы. Бұл — керемет деңгей. Ол менің биылғы сайыскерлер арасындағы топ-3-ке кіреді, басқаларға қарағанда оның YouTube-тегі клипін өте көп адам қараған, мұның өзі біраз нәрсені аңғартады, — дейді фанат.
«Евровидениенің» тұрақты көрермені Қазақстанның ересектер арасындағы ән байқауына қатысуын үш жылдан бері күтіп жүргенін айтты. Оның пікірінше, Данэлия Төлешова немесе Димаш Құдайберген ересектер қатысатын байқауда әлі-ақ жеңіске жетуі мүмкін.
Не немесе кім кедергі екенін түсінбеймін, неге қатыспай жүрсіздер? Дебют жасасаңыздар, фанаттар қатты қуанар еді, өз басым Қазақстанның «Евровидениеге» қатысуы туралы бірде-бір негатив комментарий естіген емеспін! Димаш Құдайбергенді білемін, оған «Қазақстанның халық артисі» атағы берілген бе? Берілмесе, бұл – ұят! Ол — гауһар! Витас қазір бір бұрышта қызғаныштан жылап отыр. Димаш — «Евровидениесіз» де танымал болған талант, оған әлемді шарлаудың да қажеті жоқ, дүниежүзі Димашты тыңдау үшін Қазақстанға келсін! Дегенмен Қазақстанның ересектер арасындағы байқауда өнер көрсетуін асыға күтемін. Мен мына сөзді қазақша айта аламын: «Қазақстан, мен сені жақсы көремін». Қазақстан жайлы айтқанымның бәрі рас. Бұл елдің өз ұлттық бірегейлігін әлемге танытатын келешегі әлі алда! — дейді ол.
Еске салайық, Данэлия Төлешова 25 қарашада Минскіде өткен халықаралық «Балалар «Евровидениесі» байқауында 171 ұпаймен алтыншы орын алған еді. Байқаудың бас жүлдесіне Польша әншісі ие болды.