Ғалым Карл Байпақов қайтыс болды

Қазақтың көрнекті археологы, тарих ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Карл Байпақов қайтыс болды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Facebook-те хабарлады.

Достар, көрнекті ғалым, археолог, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒ академигі, ҚР еңбек сіңірген ғылым мен техника қайраткері Карл Молдахметұлы Байпақовтың өмірден өткенін қайғырып хабарлаймын. Оның бар өмірі — халыққа қызмет етудің жарқын үлгісі, Карл Молдахметұлы өз еңбектерімен Отанымыздың тарихы, археологиясы және мәдениеті бойынша танымымызды адам айтқысыз дәрежеде байытты, — деп жазды министр.

Министрдің айтуынша, ол жуырда ғана ғалыммен бірге археологиялық орталықтарды зерттеу бойынша үлкен жоспар құрған, өкінішке қарай, бұл жоспар оның қатысуымен іске аспайтын болды.

Карл Молдахметұлының ісін жалғастырудың маңызы зор деп есептеймін. Бұл — менің жеке дертім мен қайғым да. Досымды, пікірлесімді, серігімді, тамаша адамымды жоғалттым. Орны толмас қаза. Карл Молдахметұлы, орныңыз ойсырап тұрады, — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Карл Байпақов 17 қараша күні 78 жасқа толды. Ол 1940 жылы Талғарда дүниеге келген. 1963 жылы Ленинград мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдаған. 1966 жылы Жетісу өңірінің ортағасырлық қалашықтары туралы кандидаттық диссертация, 1986 жылы тақырыпты кеңейтіп, докторлық диссертация жазды. 1963-1991 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтының аға ғылыми қызметкері, 1991-2010 жылдары ҚР БҒМ Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры болды. Карл Байпақов Отырар, Құйрықтөбе, Қостөбе, Қойлық сияқты көрнекті тарихи ескерткіштерге қатысты ауқымды зерттеу жасады. Көптеген монографияның авторы.