2018 жылы Астанадағы емдеу мекемелеріне 1 миллионнан аса астаналық тіркелген. Бұл туралы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астанадағы филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстанда тұрғындарды емдеу мекемелеріне тіркеудің кезекті науқаны аяқталды.
Науқанға қатысқан қазақстандықтардың басым бөлігі емханаға өздері барып тіркелсе, 13,5 мыңға жуығы онлайн қызметті таңдаған (egov.kz порталы арқылы).
15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына тіркелгендер саны — 13 668. Медициналық ұйымдар мен дәрігерді еркін таңдау құқығын пайдаланғандар саны — 26 487. Алдын ала мәліметке сүйенсек, бүгінгі күнге дейін 2018 жылдың тіркеу қорытындысы бойынша Астанадағы емдеу мекемелеріне 1 091 640 адам тіркелген,- дейді «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана филиалы директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Науқан шеңберінде емханаларға тіркелген азаматтарға 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызмет көрсетіледі. Азаматтар тікелей жүгінсе, оларды МСАК ұйымдарына бекіткен кезде бұрын бекітілген МСАК ұйымдарынан есептен шығару «Бекітілген халық тіркелімі» порталының дерекқоры арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады.
Биылғы тіркеу науқанына 31 емдеу мекемесі қатысты. Тіркелгендер саны бойынша Астанадағы №6,10,4 және 7 емханалар көш бастап тұр. Сондай-ақ, тұрғындар жеке клиникалардан «Салауатты Астана» ЖШС, «Шипагер» отбасылық денсаулық сақтау орталығына көп тіркелген.
Жалпы, тіркеу науқаны – емхана ауыстырудың жалғыз жолы емес. Қазақстандықтардың жылына бір рет емхана ауыстыруға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, қоныс аударғанда, емхана жабылып қалса немесе Медициналық сақтандыру қорымен келісімшартты бұзса, жақын маңнан жаңа емхана салынса, емхана қызметіне қатысты шығындарды жабатын ерікті медициналық сақтандыру келісімшартын бекіткен жағдайда басқа емханаға ауысуға болады.
Естеріңізге сала кетейік, бұдан былай емханаға egov.kz электронды үкімет порталы мен Telegram-бот egov.kz. арқылы да тіркелуге де болады.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-мен келісімшартқа отырған медицина ұйымдарының толық тізімін Медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайтынан табуға болады. Олар кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде халыққа қызмет көрсетеді.