Еліміз биыл Junior Eurovision-2018 халықаралық ән байқауына алғаш рет қатысқалы отыр. Халықаралық байқауда Қазақстанның атынан 12 жастағы Данэлия Төлешова өнер көрсетеді. 19 қарашада Junior Eurovision-2018 байқауының ашылу салтанатында Данэлия сахнаға үшінші болып шығады. Ол байқауда «Өзіңе сен» әнін орындайды. Биылғы байқау Light up! — «Жарқыра!» ұранымен өтпек.
Ән байқауында Қазақстан намысын қорғайтын жерлесімізге жанкүйерлер онлайн режимде дауыс бере алады. Ол үшін Junioreurovision.tv сайтына өтіп, Данэлия Төлешовамен бірге тағы 4 қатысушының өнерін бағалау қажет. Дауыс беру 25 қараша күні байқау басталмас бұрын тоқтатылып, қатысушылар өнер көрсетіп болғаннан кейін қайта жалғасады. Бұл кезде дауыс беруге тек 15 минут уақыт беріледі. Берілген дауыстарды мамандар балға айналдырады. Жиналған ұпай нәтиженің 50%-ын ғана анықтайды. Қалған жартысын қазылар алқасы шешеді.
Junior Eurovision-2018 халықаралық ән байқауының финалы 25 қараша күні Астана уақыты бойынша сағат 21.00-де «Хабар» арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Еске сала кетейік, 1 тамызда «Хабар» агенттігі Junior Eurovision-2018 халықаралық ән байқауына қатысу үшін үміткерлердің ұлттық іріктеуін бастаған еді. Ал 22 қыркүйекте ұлттық іріктеудің финалында Данэлия Төлешова 10 үміткердің арасынан жеңіп шығып, Junior Eurovision-2018 халықаралық ән байқауына жолдама алды.
Junior Eurovision Song Contest халықаралық ән байқауы — «Евровидениенің» 9-дан 14 жасқа дейінгі орындаушылар қатысатын аналогы. Биыл жарысқа 20 ел қатысады. Бұл — жарыс тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Қатысушы елдер қатарында Албания, Армения, Австралия, Әзірбайжан, Беларусь, Франция, Македония, Грузия, Ирландия, Израиль, Италия, Қазақстан, Мальта, Польша, Португалия, Ресей, Сербия, Нидерланды, Уэльс бар. Қазақстанмен қатар Уэльс те балалар «Евровидениесіне» алғаш рет қатысып отыр.