Baribar.kz сайты Zero.kz интернет-ресурстар рейтингінен неге бас тартты?

Baribar.kz Zero.kz есептегішінен бас тартып, Қазақстанның интернет-ресурстар рейтингінен шықты. Бұған не себеп?

Қазақстандық Zero.kz рейтингінің негізгі міндеті — жарнама берушіні медианарық статистикасымен, сайттар рейтингімен таныстыру. Бүгінде мұнда Қазақстан аумағындағы 9000-нан астам интернет-ресурстың мәліметі тіркелген. Мәлімет статистиканы паразит трафикпен қолдан айналдыру әдістерінен қорғалған.

Бірақ 15 жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп келе жатқан сервис соңғы кездері моральдық-технологиялық жағынан қалжырай бастады. Мәліметтің шамадан тыс көптігінен веб-ресурс парағының жүктелу жылдамдығы нашарлап, есептегіш орнатылған сайт скриптері жауабының алыну уақыты ұзарды. Есептегіш сервис жұмысының арагідік әлсіреуі оған тіркелген сайт материалдарының іздеу жүйесінен жылдам табылу мүмкіндігіне де кері әсер ететін болды.

Тағы бір маңызды фактор — қазақстандық интернет-ресурстар рейтингі мәліметтерінің объектив картинаны бере алмай қалуы. Осы жайт бұл статистикадан көп сайттың, әсіресе, ірі онлайн бұқаралық ақпарат құралдарының бас тартуына себеп болды. Айталық, есептегіш тіркелген сайтқа сол ресурстың басқа платформалардан қосылатын оқырманы түгел, дәл есепке алынбайды. Қазақстандық интернет-рейтинг сервисінің өзгермелі заман мен нарық талабына жауап бере алмай жатқанының бір көрінісі — осы. Демек, жарнама берушілер Zero.kz  арқылы медианарық бойынша идеал статистиканы, аудиторияның сапалы анализіне қажет айқындықты көріп отыр деуге келмейді.

Informburo.kz Zero.kz есептегішінен бірнеше себеппен шығып кетті. Біріншіден, біз есептегіш техникалық жағынан ескірді деп есептейміз, мысалы, оның жұмысы беттің бейнелену жылдамдығын баяулатты. Екіншіден, Zero.kz рейтингін нарық лидерлері туралы объектив ақпарат көзі ретінде қарастыруға болмайтын болды, себебі ірі сайттар одан шығып қалған еді. Соңғы бір себеп: Zero.kz рейтинг түрінде ғана емес, «қазіргі уақытта сайтта қанша адам отыр?» немесе «сайтқа соңғы айда қанша қолданушы кірді?» деген сияқты аудиторияны талдауға арналған жалпылама мәлімет көзі ретінде де жұмыс істеді, бірақ мұндай мәліметтер медианың 2018 жылғы жұмысы үшін мүлдем жеткіліксіз. Ал аудиторияны талдаудың «Яндекс.Метрика» немесе Google Analytics сияқты рейтингтік емес жүйелері болғаннан кейін Zero.kz-ті ол мақсатқа пайдаланудың қажеті болмай қалды, — дейді Informburo.kz сайтының даму жөніндегі директоры Александр Левин.

Әлемнің медианарығы Google Analytics, Chartbeat, Alexa Internet, Similarweb «Яндекс.Метрика», Lliveinternet.ru сияқты мейлінше жетілген статистика сервистерін қолданып отырған кезде қазақстандық жетекші ақпарат құралдарының Zero.kz -тен басқа есептегіш жүйелерінің көмегіне жүгінуді қолай көретіні түсінікті. Медиа саласындағы ірі ойыншылардың бұл қазақстандық рейтингтен кетуі Қазақстандағы қолданушылары ең көп сайттар статистикасының түрлі ресурс бойынша түрліше жасалуына, рейтинг жөнінен біркелкіліктің жоғалуына себеп болып отыр.

Zero.kz аудиторияға қатысты анализ жасауға қажетті толық мәліметті бере алмай отыр. Мысал келтірер болсақ, біріншіден, интернет-ресурстар рейтингін жасайтын бұл сервис тәуліктің белгілі бір уақыты аралығында, айталық, 23.00-08.00 аралығында мәліметті есепке алмайды. Бұл аудиторияның сайтты қолдануы жөніндегі мәлімет объектив жасалмайды деген сөз. Екіншіден, бұл сервис Accelerated Mobile Pages, Facebook Instant Articles, «Яндекс» турбо-парақшаларында жарияланған ақпараттарды есептей алмайды. Үшіншіден, сайт қолданушыларының мәліметін есепке алатын басқа да жетілген ресурстар барда бұл сервисті қолдануға қажеттілік те жоқ. Техникалық жағынан басқа да кемшіліктері байқалып отыр. Сол себепті ұжыммен ақылдаса келіп, біз қазақстандық Zero.kz интернет-статистика сервисін қолданудан бас тартуды ұйғардық, — дейді SZH Media ЖШС (Baribar.kz) директоры Ербол Серікбай.