Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақаласындағы тарихи сананы жаңғырту үшін ұсынылған жобалар қоғам қайраткерлері мен саясаттанушылар арасында қызу талқылана бастады. Baribar.kz осы бастама жөнінде белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның пікірін білді.
Әлемде неше түрлі саяси, майда-шүйде ғылыми дау-дамай көбейіп кетті. Ірі зерттеулердің орнына «Шыңғыс хан қазақ болды ма», «Қайыр хан қазақ па?» деген сияқты қазақтың руханиятына немесе саяси дамуына аса маңызды әсер етпейтін тақырыптарды талқылап кеттік. Соңғы кездері кейбір тарихшылар қазақтың тарихын 30 жылмен ғана, яғни тәуелсіздік дәуірімен ғана шектегісі келеді. Ол дұрыс емес. Байқасаңыз, мақаланың өзі «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» деген тақырыптан басталады. Ол уақыт пен кеңістіктегі қазақтың әлемдік кеңістіктегі, әлемдік уақыттағы орнын табу дегенді білдіреді, — дейді саясаттанушы, Қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Айдос Сарым.
Саясаттанушының айтуынша, негізі Мемлекет басшысы қазақ тарихына деген жаңаша, жалпыадамзаттық, жаһандық көзқарас қалыптастыруды 1997 жылы «Тарих толқынында» атты кітабында айтқан.
Содан бері біраз саяси өзгеріс болды. Қазір кішкене тақырыптан ауытқып кеткен сияқтымыз. Бүгін қайтадан сол философияға оралдық. Қазақтың әлемдік тарихтағы ролін түсіну, тарихи өркениеттік үдерістердің субъектісі, құрылымдас бөлігі екенін түсіну бүгінде қазаққа дұрыс әсер етпек. Мысал үшін, «бірнеше мыңжылдық тарихтың қысым көрсеткені қалай болады» немесе «соңғы 5 жылда ғана өмір сүріп жатқан, бүкіл үдерістен ада, адам ретіндегі қысым қандай болады» деген сияқты мәселе бар ғой. 3-4 мың жылдың тарихы — ұрпақтардың алдындағы жауапкершілік. Соны көркем әдебиет, тарих, кино, театр арқылы түсіндіріп, тарихи концепциясын жазу арқылы негіздеу керек. Мақалада архивті ашу туралы жазылған. Ол үшін алдымен біздің уақыт пен кеңістіктегі орнымызды, тарих толқынындағы ролімізді айқындау, біздің де қаражаяу емес екенімізді түсіну бүгінгі қоғамға аудай қажет. Себебі тұғыры жоқ адамның салмағы да болмайды. Оның өмірге деген көзқарасы да басқаша болады. Оның тұғыр табу, өз тұғырымызға қону, соны түсіну, оның ерекшелігін, айрықша қасиетін түсіну, моралін қабылдау, жаңа мораль жасақтау сияқты көптеген мәселесі бар, — дейді Айдос Сарым.