Жұмбақтас адамға оның қиялына қарай түрлі кейіпте көрінеді екен. Ақмола облысының солтүстігінде Бурабай ұлттық паркі орналасқан.
Орталық Қазақстанның 129 935 гектар жерін таулар, көлдер мен ормандар алып жатыр. 1920 жылы мұнда Бурабай мемлекеттік шипажайы ашылған. 2000 жылы ол ұлттық паркке айналды.
Аңызға сенсек, әлем жаратылған кезде бір елдерге ну ормандар, жазық далалар мен өзендер дарыса, енді біріне қарлы таулар мен көгілдір көлдер берілген. Жергілікті тайпаларға тек дала тиіпті. Бұған көңілі толмаған тайпадағылар Жаратушыдан табиғи сұлулық бере көр деп сұраған екен. Сонда Жаратушы қап түбінде қалған барлық байлықты сайын далаға шашып тастайды. Ормандарға жануарлар мен құстар беріп, өзендерді балықпен, көгалдарды көбелекпен толтырады. Міне, осылай Бурабай әдемі көрініске ие болған.
Төңіректің аты да аңызға толы. Бура — қос өркешті түйенің еркегі. Ежелгі дәуірлерде бұл жерді адамнан бұрын түйе мекен еткен. Өңірге адам аяғы тиісімен түйе қанатты тұлпарға айналып, Көкшетау тауының шыңына ұшып кеткен деседі. Кейін тұлпар үлкен тауға айналған.
Бурабайдағы әрбір тау мен биік төбенің өз аңызы мен тарихы бар. Мысалы, бұл өңірде бір замандарда алып денелі бір адамның тауға айналғаны туралы айтылады. Оқжетпес тауының сұлбасы сол қатып қалған алып адамға ұқсайды. Аты айтып тұрғандай, бұл таудың шыңына бірде-бір оқ жетпеген екен.
Бурабай көлінің қақ ортасында Жұмбақтас тауы орналасқан. Жұмбақтас оны көрген адамның қиялына байланысты түрлі кейіпке енеді-міс. Егер оған Бурабайдан Абылай хан алаңына қарай жүріп, қайық станциясының жанынан қараса, шашы желбіреген жас сұлу қыз сияқты көрінеді. Әрі қарай жүре бергенде әдемі қыз бейнесі кәрі кемпірге ұқсай береді, ал «Оқжетпес» шипажайы жағынан қарағанда сфинкстің бейнесін көруге болады. Жұмбақтастың қасындағы жеке төбе ұйқыдағы жауынгердің сұлбасы тәрізді.
Шипажайдың ең биік нүктесі — Көкшетау тауы. Шипажай аумағындағы әдемі көрініс оңтүстікке қарай Бурабай тауынан ашылады. Парк аумағында 14 ірі көл бар.
Қарағай, қайың мен көктерекке толы тоғайлардың ішінде саңырауқұлақ көп кездеседі. Парк айналасында Қызыл кітапқа енген өсімдіктердің 12-ге жуық түрі өседі.
Ауданның климаты тым континентал. Қаңтар айындағы орташа температура 16 градус аязға дейін жетсе, жазда 18 градус жылы болады. Жылдағы жауын-шашынның орташа мөлшері — 300 миллиметр, жазда жауын-шашын мол түседі. Көкшетаудың қысы қазан айында басталып, сәуірде аяқталады.
Жергілікті ормандарда қасқыр, сілеусін, марал, бұғы, қабан, тиын, ақкіс, аққұлақ және басқа жануарлар тіршілік етеді. Далада түлкі, қарсақ, күзен, қоян жүреді.
Парк аумағында көгала үйрек, барылдауық, сұр ұйрек, бізқұйрық үйрек, шүрегей үйрек және қызғыш сияқты құстар ұя салады. Әсіресе, құстардың көбі көл маңында болады. Көгілдір шығанақ жанында шіл мен қара құр бар.
Аудан археологиялық қазбаларға бай. Парк айналасында қола дәуірінен қалған қару-жарақ қоймасы табылған. Ғалымдардың пайымдауынша, осы жерден ежелгі адамдар алтын алған.
Ұлттық табиғи парк аумағында 35 шипажай бар. Олардың кейбірі демалушыларды қымыз беріп емдейді.