Дөңгелек үстел жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына орай ұйымдастырылды. Алматыдағы Ұлттық кітапханаға жиналған қонақтар Шыңғыс Айтматов шығармаларының көрмесімен танысып, көшпелі халықтардың мәдени бұйымдарын тамашалады.

Дөңгелек үстелге ақын, драматург, композитор, Түркі поэзиясы халықаралық фестивалінің лауреаты Исраил Сапарбай, қырғыз кинорежиссеры, сценарист Болотбек Шәмшиев, түрікмен кинорежиссеры, сценарист, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ходжакули Нарлиев, «Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық Ыстықкөл форумының» вице-президенті Ассоль Молдакматова, ақын Аян Нысаналин, Еуразияның ғаламдық байланыс жөніндегі агенттігінің бас директоры Светлана Слапке қатысты.

Әлемдік деңгейде әр ұлтта, әр елде тарихтың өзі, өмірдің өзі алға шығаратын адамдары болады. Сондай адамдардың бірі — Шыңғыс Айтматов. Биыл —  Шыңғыс Төреқұлұлының жылы. Мен жақында ғана Facebook-те отырып, Айтматовтың тойы Өзбекстанда аталып өткенін көрдім. Өз басым оған қатты қуандым. Өйткені біз мұндай мерекелерді өзіміздің деңгейде ғана тойлаймыз. Бірақ сондай деңгейге сыймайтын адамдар болады. Соның бірі — Шыңғыс ағамыз. Осындай тұлғалардың әлемдік масштабта алатын орны ерекше,  — деді Исраил Сапарбай.

"Айтматов және кино" дөңгелек үстелі
«Айтматов және кино» дөңгелек үстелі. Фото: Кинофестиваль ұйымдастырушылары

«Айтматов және кино» дөңгелек үстеліне жиналғандар Шыңғыс Айтматовпен алғаш кездескен сәттерін еске алып, әңгімеледі. Оның кино саласына қосқан үлесі де сөз болды.

Мені Айтматовпен 10-сыныпта әкем таныстырды. Мен ол кездегі әдебиетке қарсы едім, жаспын ғой. Бірақ анам мені көндірді, сол кездегі газетті қолыма берді. Ол жерде Айтматовтың «Бетпе-бет» шығармасы тұр екен, соны оқып таңғалдым. Таңғалғаным сонша, отыра салып осы шығармаға сценарий жазып тастадым. Мектеп оқушысы не жазады дейсіздер, бірақ әкем менің қолымнан ұстап Айтматовқа алып барды. Сол кезде мен оны бірінші рет көрдім. Арық, үлкен мұрынды. Мұрнынан басқа ешнәрсе көрінбейді. Ол менің жазбамды алып оқыды. Содан бері мен Айтматовпен 50 жылдай бірге болдым, төрт киносын экранизацияладым және ол ешқашан ешкімнің қолын қақпаған, — деді Болотбек Шәмшиев.

Болотбек Шәмшиев
Болотбек Шәмшиев. Фото: Кинофестиваль ұйымдастырушылары

Түрікмен елінде «Әр елдің күші мен намысы — сол елдің абыройлы балалары» деген мақал бар. Айтматов — тек қырғыз елінің мақтанышы емес, бүкіл түркі елдерінің, бүкіл әлемнің мақтанышы, — деп түйіндеді Ходжакули Нәрлиев.

Шыңғыс Айтматов 1928 жылы 12 желтоқсанда туған. Қырғыз ауылшаруашылығы институтын бітірген соң (1953) Қазақстанның Жамбыл облысында зоотехник болып қызмет атқарған. 1956-1958 жылдары Мәскеудегі Жоғарғы әдебиет курсында тыңдаушы, 1959-1960 жылдары «Литературный Киргизстан» журналының редакторы, 1960-1965 жылдары «Правда» газетінің Қырғызстандағы меншікті тілшісі, 1965-1986 жылдары Қырғызстан кинематографистер одағының төрағасы, 1986 жылы Қырғызстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, 1988 жылы «Иностранная литература» журналының бас редакторы, 1990 жылы КСРО-ның Люксембургтегі елшісі болды. 1991 жылдан Қырғызстанның Бельгиядағы төтенше және өкілетті елшісі. «Аспалы көпір», «Жәмила», «Алғашқы ұстаз», «Қош бол, Гүлсары», «Ертегіден соң», «Ерте қайтқан тырналар» тағы басқа әңгіме, повесть жинақтары, «Жанпида, «Боранды бекет» романдары Айтматовты әлемге танымал тұлға етті. «Көктөбедегі кездесу» спектаклі көптеген елдің театр сахналарында қойылды. Шыңғыс Айтматов 2008 жылдың 10 маусымында қайтыс болды.

Еске салайық, 17 қараша күні Алматыда XIV Шәкен Айманов халықаралық кинофестивалі басталған еді. Фестиваль 21 қарашаға дейін жалғасады. Кинофестивальдің конкурстық бағдарламасы үш жеке бөлімнен тұрады. Бөлімдердің әрқайсысына Шәкен Айманов картиналарының атауы берілген. “Тоғысу” деп аталған бөлімде көрермен әлемдік фильмдерді тамашаласа, “Атамекен” бөлімі түркі халықтарының фильмдеріне арналған. Ал отандық фильмдер “Біз осында тұрамыз” деген бөлімде байқауға қатысады.

Фестиваль күндері Алматыдағы Kinopark 11 (Esentai Mall) және Kinoplexx Sary Arka кинотеатрларында картиналар тегін көрсетіледі. Көрсетілімдер кестесін кинофестиваль сайтынан біле аласыздар.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!