Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультеті дінтану және мәдениеттану кафедрасына 16 қазаннан 6 қарашаға дейін Еуразия ұлттық университеті әлеуметтік ғылымдар факультеті философия кафедрасының студенті Гүлия Бекеева ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп, тағылымдамадан өтуге келген. Ғылыми зерттеу тақырыбы — «Сакрал география: Жайық мәдени өңірі».
Ол Алматыдағы мәдени нысандарға, оның ішінде қаламыздың тарихынан сыр шертетін Алматы музейін көрсетіп, қаладағы орналасқан киелі орындармен таныстырды. Картаға енген Алматының киелі жерлерімен арнайы ашылған көрмені де тамашалады.
Алматы — киелі жерлерге бай орындардың бірі. Өйткені Жетісу өңірі қазақ дүниесінің қазақтың арғы ата-бабаларының киелі жерлерінің бірі. Сондықтан бұл ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан осындай жерлер Елбасының бастамасынан кейін бұл үлкен қасиетті орынға айналып отыр.
Алматы музейінде Жетісу өңірінен табылған қола дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейінгі құнды заттарын көріп, бүгінде жәдігерге айналған экспозициясымен танысты.
Алматы музейі 2001 жылы ашылған. Бүгінде ол Жетісу өңірінің тарих-мәдени мұраларының барлық саласын қамтыған ірі ғылыми және мәдени орталық. Музей коллекциялары 35 мыңға тарта экспонаттарды құрайды. Олардың арасында – бейнелеу өнерінің шығармалары, қазақ этнографиясының бірегей жинағы, сондай-ақ қазірде Алматыда тұратын халықтар өкілдерінің этнографиясы, әртүрлі дәуірлер мен мәдениеттер тұрмыстық заттарының коллекциялары, нумизматика, фото және құжаттар бар.
Экспозицияда ақпараттық-иллюстрациялық материалдарды көрсететін мультимедиялық технологиялар кеңінен қолданылған. Заманауи техникамен жабдықталған музейдің әйнектен жасалған еденінің астына дейін экспонаттар қойылған. Аталған залдың еденінің астында орналасқан Алматыдағы Х-ХІІ ғасырдағы су құбырлар жүйесінің реконструкциясы көрермендердің қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Ал залдағы LED экран Жетісу өңірінде мекендеген қола дәуір тайпалары туралы қосымша көрініс береді, жартастағы суретте жабайы жылқылар, Кұлжабасы тауларындағы бұқалардың ауқымды мүсіндері, шайқас алаңы, аң аулау, адамдардың алпауыттармен күресі, Ешкі-Өлмес тауындағы мал жайылуы, «күнбасты» кейіпкерлер, Күнге табынып тұрған билеушілер бейнеленген.
Цифрланған музей құрамында мәдени және табиғи ландшафт сақталған «Боралдай сақ обалары» әулеттік патшаларды жерлеу кешені бар.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы мен Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған архив пен тарих жазылған материалдарды цифрлыққа көшіру міндеттелген еді.
2015 жылы Алматы қаласы музейлері бірлестігі құрылды. Оның құрамына: Алматы музейі, Д. Қонаевтың музейі, Ықылас атындағы халықтық музыка аспаптары музейі, Н.Тілендиевтің музейі, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музейі, Дәстүрлі өнер мультимедиялық орталығы енді.
Музей әрбір халықтың рухани байлығы, тарихы, өмір сүру салты, тілі, тәлім-тәрбиелік даналығы, ұрпақтар сабақтастығының арқауы, рухани азығының қайнар бұлағы болып табылады.
Бүгінгі таңдағы отандық білім беру мен жас ұрпақты тәрбиелеу жүйесіндегі маңызды міндеттердің бірі – халқымыздың төл мәдениетінен, рухани қазынасынан нәр алған білімді, білікті, бәсекеге қабілетті, дарынды, отансүйгіш тұлғаның қалыптасуы.
Мәдениетімізді тану — алдымен өз-өзіңді танудан басталып, қазақ мәдениеті, оның ішінде қазақ ән өнерін танып білуден жалғасын табады. Сондықтан да болар бүгінде қазақ өнерін зерттеудің, оның материалдарын тәрбие жұмысында пайдаланудың маңызы зор.
Мәдениетті елдерде әрбір мұражайдың тарихы жазылып жинақталады. Қазіргі таңда дамыған өркениетті мемлекеттердің көбісі өз мұражайларының сән-салтанатын арттыру арқылы әлемге есіктерін айқара ашып отыр. Расында да, мұражай ұлттық мәдениеттің кірер есігі, қара шаңырағы іспетті. Көне жәдігерлер мекенінің босағасынан аттаған қарапайым адамнан бастап, лауазымды тұлғалар болсын, мемлекет басшылары немесе шетелдік қонақтар елдің, халықтың бай құнарлы мәдениеті жөнінде түсінік алады. Мұражай тек құндылықтар сақтайтын қойма немесе сол құндылықтарды көрсететін көрме ғана емес. Ең алдымен, ол – ұлттық ғылыми-зерттеу мекемесі.
Осы орайда Алматы музейі өткен тарихымызды еске түсіріп қана қоймай, өскелең ұрпаққа мәдени таным мен жәдігерлерді жинақтап зерттеу арқылы өз үлесін қосып келеді. Мұражайдағы жәдігерлер болашақ жастарды патриоттық рухта, өз елінің мәдениетін, тарихи танымын тереңдетуде өз септігін тигізуде.
Өз кезегінде білім ордасының тәлімгері мұражайда алған өз әсерімен бөлісіп, керемет көңіл күймен қайтты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
философия және саясаттану факультеті
дінтану және мәдениеттану кафедрасының
мәдениеттану мамандығының
2-курс докторанты
Құдайбергенов Серғазы Ережепұлы,
Ғылыми жетекшісі философия ғылымдарының докторы, профессор
Исмағамбетова Зухра Нұрланқызы