2019-2020 жылдары қандай автожолдар пайдалануға беріледі?

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасының аясында алдағы жылдары 7 мың шақырым автожол жаңғыртылып, республикалық маңызы бар 10 мың шақырым жол жөнделеді. Бұл туралы Үкімет отырысында бағдарламаның іске асырылу барысы туралы баяндаған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты.

Бөлінген қаражат есебінен республикалық маңызы бар 2,4 мың шақырым автожол салынып, жаңғыртылса, 7,5 мың шақырым жол жөнделді. Барлық нысанда 100 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Жол құрылысына 95% отандық өндірушілердің материалы пайдаланылды, — деді министр.

Орталық — Оңтүстік дәлізі бойынша Астана — Теміртау учаскесі аяқталды, келесі жылы Теміртау-Қарағанды және Қарағандыны айналып өтетін жол бөлігі аяқталады. Биыл Қарағанды — Балқаш — Бурылбайтал — Күрті учаскелерінде жұмыс басталды. 2019 жылы Күрті — Қапшағай жолында жұмыс басталады.

Орталық — Шығыс дәлізі бойынша Астана — Павлодар учаскесінде Шідерті-Қалқаман учаскесін қоспағанда, қозғалыс ашық. 2 жолақ бойынша жүруге болады. Павлодар — Семей және Семей — Қалбатау учаскелерінде Павлодардан шығаберіс жолдан басқа учаскелердің бәрі аяқталған. Бұл жоба 2019 жылы бітеді.

Орталық — Батыс дәлізі бойынша Қандыағаш — Мақат учаскесінде жұмыс жүріп жатыр. Биыл Атырау — Астрахань және Қандыағаш — Ақтөбе учаскелерінде жұмыс басталды. Қалған учаскедегі жұмыстар келесі жылы басталады. Сонымен бірге Қостанай — Денисовка учаскесінде жұмыс жүріп жатыр. Дәліз 2020 жылы толық аяқталады.

Барлық жоба 2019-2020 жылдары толығымен аяқталады.

Осы жылдың қорытындысы бойынша 528 шақырым жол қозғалысын ашу жоспарланып отыр. Орал — Тасқала, Қордай кентінің айналма жолы, Бейнеу — Ақтау, Балпықби -Талдықорған және Сарқандты айналып өтетін жол жобалары бойынша жұмыс толығымен аяқталды, — деді Жеңіс Қасымбек.

Ақылы автожолдарға келсек, биылғы қазан айынан бастап Ішкі істер министрлігінің жүйелерімен интеграцияланған Алматы — Қапшағай, Алматы — Қорғас және Астана — Теміртау учаскелерінде ақы алу жүйелері сынақ ретінде қолданысқа енгізілді. Ақы келесі жылдың қаңтар айының екінші жартысынан бастап алынады.

Тағы 5,9 мың шақырымдық жолға ақы алу жүйесін енгізудің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр, оның ішінде Батыс Еуропа — Батыс Қытай халықаралық дәлізі де бар. Төлемдерді жинау жүйесін монтаждау келесі жылы басталады. 2020 жылға қарай жалпы ұзақтығы шамамен 6,6 мың шақырым жолда төлем алу жүйесі қосылады.

Биылғы жылдың желтоқсан айында Шымкент пен Сарыағаштың айналма жолдарының құрылысын салуға және Сарыағаштан Өзбекстан шекарасына дейінгі учаскені жаңғыртуға концессиялық негізде конкурс жарияланады. Құрылыс 2020 жылы басталады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында биыл жергілікті желі автожолдарын қаржыландыру 156 миллиард теңгеге дейін жеткізіліп, 4 мың шақырыман астам жол жөнделді, — деді министр.