Қазақстанда қанша шақырым жол ақылы болады?

«Нұрлы жол» инфрақұрылымын дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында және қаржыны үнемдеу мақсатында ақылы жүйені енгізу жоспарда бар. Қазіргі уақытта Алматы-Қорғас, Астана-Теміртау және Алматы-Қапшағай автожолдарының учаскелерінде (жалпы ұзындығы 471 шақырым) жұмыс жүргізіліп жатыр. Жүйе қыркүйек айында тест режимінде іске қосылады, «, — дейді Жеңіс Қасымбек.

Министрдің айтуынша, 2021 жылға дейін 6,7 мың шақырым, ал 2025 жылға қарай 11,7 мың шақырым жол ақылы болмақ.

«Мемлекеттік маңызы бар автожолдардағы арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын ұйымдастыру бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір мұндай 12 құрал бар. Биыл Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас учаскелерінде ақылы жүйені енгізу аясында тағы 11 автоматтандырылған өлшеу құралдарын іске қосу жоспарланып отыр. 2019-2020 жылдары ақылы жолдар мен шекаралық өткізу пункттері бойынша 34 құрал орнатылады. 2020 жылдың аяғына дейін олардың санын 57-ге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз» — дейді Инвестициялар және даму министрі.

Оның айтуынша, жол-сервистік объектілерін де дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

«Жол-сервистік объектілерін тәртіпке келтіру және қызмет сапасын арттыру бойынша да жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір республика бойынша 1 859 нысан бар, оның ішінде 42%-ы немесе 780 нысан ұлттық стандартқа сәйкес келеді. Жылдың соңына дейін тағы 70 нысанды стандартқа сәйкестендіру жоспарда бар», — деп түсіндірді министр.

Сонымен қатар IRU Transpark, Google Maps, Yandex Maps цифрлы картасына сервис объектілері туралы ақпаратты қосу жұмысы да жүргізіліп жатыр.

«Жол қызметтерін дамытуға жергілікті атқарушы органдарды тартуды күшейту қажет», — деді Жеңіс Қасымбек.

ДереккөзZakon.kz