Тест: Көркем шығарманы алғашқы сөйлемдерінен табыңыз

Тесттен өтіп, қазақ прозасын қаншалықты білетініңізді тексеріп көріңіз.

0%

"Өскеменнің ар жағында, Бұқтырманың оң жағында әлемге аян Алтай бар. Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай ағып Ертіс түскен, күр-күр еткен Күршім бар. Алтай Күршім не заманнан қалың Найман мекені".

Дұрыс! Қате!

"Ақбілек" – қазақ әдебиетіндегі алғашқы эпикалық роман. Бұл шығармада Алтай өңіріндегі ауыл көріністері, Ертіс-Күршім табиғаты, Марқакөлдің мөлдір суы мен оның айналасындағы жануарлар әлемі шебер бейнеленген.

"Колхоз басқармасының бастығы - Күлзайра дейтін әйел, қара, бөкебайды басына тұмшалап орап тымырайып отыратын адам. Сирек сөйлейді. Сөйлегенде дауысы зілді, ашық шығады".

Дұрыс! Қате!

Бейімбет Майлин өзімен замандас қазақ қаламгерлерінің көбі сияқты жазуды өлеңнен бастағанымен көп ұзамай прозаға ден қойған. Оның әңгімелерінде ауыл адамдарының жаңа тұрмысқа көшу қиындықтары терең суреттеледі.

"Алыста қалған балалық шағым... Ойымнан: жарғақ сары тоны қаудырлаған, тобығы тайған сол аяғын сүйрете жүгіретін, шілбиген арық ақсақ қара бала бір кетпейді. Көзімді сәл жұмсам-ақ: шуылдаған балалардың ең соңында сол аяғын жер сыпырғандай көлденең сүйретіп, ес қалмай далбақтай жүгіріп келе жатқан Аянды көргендей болам".

Дұрыс! Қате!

"Жусан иісінің" бас кейіпкері Аянның прототипі - Науқан Керімов. Сайын Мұратбековтің бұл шығармасына оның балалық шағының хикаялары арқау болған.

"Есенейдің төрт қос жылқысы "Қаршығалы" шұбарына жақындап келіп, қапталдай төніп қалып еді. Тақырланып қалған жазғы жайлаудан келе жатқан жылқы қарауытқан қалың орманды, өзекті-шілікті өңірге тұяғы тиген соң-ақ ұстарадай өткір тістерін жерге қадай бастады".

Дұрыс! Қате!

"Ұлпан" - Ғабит Мүсіреповтің 1974 жылы тарихи шежіре негізінде жазған романы. Есеней - романдағы ең басты кейіпкерлердің бірі, Шыңғыс сұлтанның беделді биі.

"Тау ішінің жаңбырлы қараңғы түні Бақтығұлдың көңілінде көптен шешілмей келе жатқан күдікті бір сәттің ішінде оп-оңай жазып жібергендей болды. "Күздің ұзақ түні мынау. Қазір алған малмен соқтырып жүріп кетсем, таң атқанша қайда бармаймын? Ізімді жауын шаяды. Шыққаныма екі күн болса да, күннің лайсаңы жібермей қойды. Ілгері басуға өзім де жаурап, жайым бітті..."

Дұрыс! Қате!

Бұл шығарма Тұрар Рысқұловтың әкесі - Рысқұлдың басынан кешкен оқиғалары бойынша жазылған.

"─ Бетім - ай!.. Масқара - ай!.. Тырыли арық Қарақатын жерқазбаға танаурап сөйлей кірді. Құшағындағы отынды аласа қазандықтың жанына аудара тастады. Салпыетек бөз көйлектің бір шалғайын жоғары көтеріп ышқырлығына қыстыра салды да, қызыл қарын жас немересін алдына алып ыңылдап отырған қайын ененің қасына қол таяна тізе бүкті".

Дұрыс! Қате!

“Қан мен тер” - Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әйгілі шығармасы. "Ымырт", "Сергелдең", "Күйреу" кітаптарынан тұратын трилогия - тарихи-революциялық тақырыпқа жазылған қазақ романдарының ішінде жанрлық-композициялық, стильдік жағынан ерекше туынды.

"Ол Бек-Алқаға жылына бір рет міндетті түрде қатынайтын. Туған ауыл, ел-жұртын емешегі үзіліп сағынғандықтан емес (қайбір екі туып, бір қалғаны бар), жыл бойғы табан ет, маңдай тердің құнын шығарып, ұшы-қиыры таусылмас шаруасының шалғайын қайыру үшін, етектегі елге — Үлкен Жерге асығатын".

Дұрыс! Қате!

"Атау кере" повесі бүкіладамзаттық мәселелерді қозғайды. Повесть оқиғасының басында шығарманың реалистік сипаты басым болса, шешімінде мифтік сипаты байқалады.

"Менің аталас ағам майдангер Мақанбет Дембайұлы Роза (Разия) деген татар қызына үйленді. Разия жеңгеміз тоғыз (9) бала тапты. Абысындары: – Байғұс-ау, тағы біреуін тусаңшы, сонда "Батыр Ана" атанар едің, – дейді ғой. Разия: – Құдай берсе, тастамаймыз, бермесе, қақсамаймыз, – дейді. Құдай бергенде тағы біреуін табар ма еді, бірақ Алла Тағала Разияның өзін ертерек алып кетті. Асығыс алып кетті. Абайсызда тағы біреуін туып қоя ма деп асықты ма, кім білсін".

Дұрыс! Қате!

"Бір кем дүние" - Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның философиялық толғамға толы көркем туындысы.

Тест: Көркем шығарманы алғашқы сөйлемдерінен табыңыз
Тамаша! Кітапты зейін қойып оқиды екенсіз.

Жарайсыз! Кітапқұмар екеніңізді дәлелдедіңіз.

Жаман емес! Қазақ әдебиетінен хабарыңыз бар.

Қап, әттеген-ай! Әдебиет ауылынан алыс екенсіз.)

Әлеуметтік желіде бөлісу: