Ұлттық банк ұлттық валютаны ең алғаш айналымға енгізерде 1 теңгенің құнын Кеңес Одағының 1000 рубліне тең деп бағалаған. Дегенмен саяси, әлеуметтік және мемлекетаралық мәселелер ескеріліп, кейін бағам 1 теңге — 500 сом деп бекітілді. Долларға қатысты бағамы 4,75 теңге болып бекітілді.
Алғашқыда теңге мынадай номиналдардан тұрды:
- 1, 3, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгелік банкноттар;
- 1, 3, 5, 10, 20 теңгелік монеталар;
- 1, 3, 5, 10, 20 және 50 тиындық монеталар (бастапқыда қағаздан жасалды).
Спортшы Ермахан Ыбырайымов пен ақын Аманхан Әлімұлы теңге алғаш шыққан кезде оны қайда жұмсағанын айтып берді.
Ермахан Ыбырайымов, боксшы, Олимпиада чемпионы:
Теңге алғаш шыққан кезде 1 тиын, 2 тиын дегенге дейін болған. Оның бәрін елмен қатар ұстадық, жұмсадық. Қателеспесем, 1993 жылы 1 доллар 4,75 теңге болды. Сол кезде теңгенің құны керемет болып еді, біраз нәрсе алуға жарайтын. Біздің ұлттық валютамызға халықаралық тұрғыдан жоғары баға берілді. Мамандар валютамыздың жақсы қорғалғанын, сапалы екенін айтты. Біз оған екі есе қуанып, керек-жарағымызға жұмсап жүрдік.
Шоқан Уәлихановтың суреті бар 10 теңге күні бойғы қажетімізге жарайтын еді. Кейін теңге құнсыздана бастады. Оның қазіргі құнын өзіңіз білесіз. Дегенмен де біз өзіміздің ұлттық валютамызбен мақтанамыз. Теңге — тәуелсіздігіміздің тірегі. Ол — Әнұран, Елтаңба, Туымызбен бірге Қазақсанның егемен ел екенін айғақтайтын нышан.
Теңге алғаш шыққанда мен 21 жаста болдым. Спортпен айналысып жүрген жас жігітпін. Ақша қолымызға көп түсе бермейтін. Тек жолымыз бен тамағымызға жұмсайтын азын-аулақ ақшамыз болатын. Арасында ақшам бола қалса, спорттық киімдер алатынмын. 90 жылдары спорттық киімдер өте аз болды. Оны табу үшін арнайы Алматының «барахолкасына» баратынбыз. Іздеп жүріп, «Қазақстан» деген жазуы бар әдемілерін таңдап, қымбат бағаға сатып алатын едім. Мұндай форманың менде қысқы, күзгі, жазғы, көктемгі түрлері, мықты аяқкиімдер мен әдемі футболкалар көп болды. Баскетбол ойнайтын, жаттығатын әртүрлі спорттық киімге құмар болдым. Алғаш теңге шыққан кезде алған қымбат дүнием осы спорттық киімдер шығар.
Аманхан Әлімұлы, ақын, «Ақиқат» журналының бас редакторы:
1993 жылы ұлттық валютамыз шыққанда мен Ресейде болдым. Ресейде жүріп, жақсы жаңалықты естіп қатты қуандым, ерекше толқыдым. Қазақстанның өзінің ұлттық валютасын шығарғаны — тарихи сәт. Себебі теңге экономикалық қарым-қатынас құралы ғана емес, ол адамның рухани баюына, ешкімге тәуелді болмай, өзімен-өзі өмір сүруіне себеп болатын құндылықтардың бірі.
Алғаш теңге шыққан кезде оны қайда жаратқаным, әрине, есімде. Оны ұмытсам, елімнің тарихын ұмытқанмен тең шығар. Ресейден үйге келсем, жеңгең үйде нан бітіп қалғанын айтып дүкенге жіберді. Дүкенге барып үйге нан алып келдім. Бұдан бөлек, өзімнің жиі барып, кітап сатып алатын дүкендерім бар еді. Теңге шыққан жылы бір бос болғанымда кітап дүкенін аралап, бірнеше құнды шығармалар сатып алдым.
Бұрынғы банкноттарда әл-Фараби, Әбілқайыр хан, Абылай хан, Сүйінбай Аронұлы, Құрманғазы, Абай, Шоқан Уәлиханов сияқты біздің ұлы тұлғаларымыздың суреті тұратын еді. Бұл рухани жағынан өзіміздің тұлғаларымызды, тарихымызды біліп, үнемі жадымызда ұстап жүруге әсер ететін еді. Мысалы, АҚШ-тың доллары алғаш рет қалай шықты, әлі күнге дейін солай сақталған. 1 долларды Джордж Вашингтонсыз, 2 долларды Томас Джефферсонсыз, 100 долларды Бенджамин Франклинсіз елестете алмаймыз ғой. Осылар сияқты біздің ақшалардағы тарихи тұлғаларымыз сақталуы керек еді.
Құрметті оқырман, ал сіздің ұлттық валюта алғаш пайда болғанда не сатып алғаныңыз есіңізде ме?