Бүгін ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев Азия даму банкінің Қазақстандағы директоры Джованни Капанеллимен екіжақты ынтымақтастықты дамыту және кеңейту мәселелерін талқылады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанда Тұрақты даму мақсаттарын алға жылжыту және осы жылдың 27-28 қарашасында өтетін Азаматтық форумға Азия даму банкі өкілдерінің қатысуы туралы пікір алмасты.
Дархан Кәлетаев Джованни Капаннеллиге «Жастарға инвестиция. Біз ешкімді назардан тыс қалдырмаймыз» тақырыбындағы халықаралық конференцияға белсенді қатысқаны үшін алғысын білдірді. Сонымен бірге Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру мәселелері алдағы Азаматтық форумның негізгі тақырыптарының бірі болатынын айтты.
Министрдің айтуынша, Қазақстан Үкіметі жанында Тұрақты дамыту мақсаттарын табысты жүзеге асыру үшін «Адамдар», «Планета», «Гүлдену», «Бейбітшілік», «Әріптестік» сияқты бағыттар бойынша ведомствоаралық жұмыс топтары құрылған. ҚР Қоғамдық даму министрлігі — «Бейбітшілік» бағыты бойынша жұмыс тобының үйлестірушісі. Осы топтың аясында саяси тұрақтылық, толеранттылық, лаңкестік пен экстремизмнің алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат, қоғамдық қызметті көтеру мәселелері қарастырылады.
Джованни Капаннелли министрді Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің қызметімен таныстырды, азаматтық қоғамды дамыту, жастар және отбасы саясаты салаларындағы жобаларды жүзеге асыру бойынша бірлескен жоспар әзірлеуді ұсынды. Тараптар нақты нәтижеге қол жеткізу үшін ынтымақтастық орнатуға мүдделілік танытты.
Азия даму банкі — әлемнің 67 елінде акционерлері бар көпқырлы қаржы ұйымы. Акционерлердің 48-і Азия-Тынық мұхиты аймағының өкілдері, ал қалған 19-ы әлемнің басқа елдерінен. Азия даму банкінің негізгі құралы — дамушы елдерге саяси диалог, қарыздар, акционерлік инвестициялар, кепілдіктер, гранттар және техникалық қолдау бойынша көмек көрсету. Азия даму банкі 1994 жылдан бастап Қазақстанға қолдау көрсетіп келеді.