Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев тұтқындалды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Соттың мәліметінше, 2018 жылдың 3 қарашасында сағат 18.40-та Ақтау әуежайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро қызметкерлері Аманғалиевті ұстады. Одан жалпы сомасы 115 000 евро болатын қаражат табылып, тәркіленді.
Серік Аманғалиевке мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүддесіне қайшы аса ауыр жемқорлық қылмысын жасады деген күдік келіп отыр.
Ақтау мамандандырылған тергеу сотының қаулысымен 5 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның Тергеу департаментінің Серік Аманғалиевке қатысты «қамауға алу» түріндегі екі айға бұлтартпау шарасын санкциялау туралы қолдаухаты қанағаттандырылды, — делінген соттың хабарламасында.
Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 366-бабының 3-бөлігі бойынша тергеуалды тексеру басталды.
Еске салайық, бұған дейін ақпарат құралдары Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасарының парамен ұсталғанын және қызмет орнынан табылмағанын хабарлаған еді.