Гауһар Сырлыбаева бұл жауапты қызметті абыроймен атқарып, әйелдердің де қолынан қорғаныс саласы органын басқару келетінін дәлелдеп жүр. Тіпті, осы қызметте жүріп, полковник атағын да алды. Елімізде бұл әскери шен тек 12 әйелде бар екен. Ал биыл полковниктің әскери салада жүргеніне — тура 25 жыл. Гауһардың күнделікті болмысы да жұмысы сияқты. Биік өкше, белдемше мен көйлек дегенді атымен кимейді, тіпті оған қызыққан да емес. Оның түрі суық көрінгенімен мінезі жайдары. Көңілді, әзілге жақын, арманшыл. Үлкен дәліздің соңында орналасқан басшының кабинетіне кіріп келгенде бірден «Әскери билетіңіз бар ма? Жоқ болса, әңгімені осыдан бастайық», — деп бізді де біраз састырды. 

Baribar.kz полковник ханыммен әңгімелесіп, бұл салаға қалай келгені жайлы және оның жұмыстан кейінгі өмірі туралы да сұрап білді.

«Әскерде қызмет ету әйелдің жұмысы емес»

Гаухар Сырлыбаева
Гауhар Сырлыбаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бұл — Гауһардың алғаш әскери қызметкер болам дегенде анасынан естіген сөзі. Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген полковниктің ата-анасы, туыстары әуелгіде оның таңдауына қарсы болып, түсінбеген көрінеді. Бірақ ол осы күнге тек сол жандардың қолдауы мен сенімінің арқасында жеткенін айтады. Гауһардың әкесі өмірден ерте озды. Анасы да қызының арманына жетіп, білдей бір басқарманы басқарып, полковник атанғанын көре алмай кетті.

12 бала бауырмал, ұйымшыл болып өстік. Үйдің кенжесі едім. Маған дейін отбасымда әскери адам болмаған. Кішкентайымнан спортқа жақын болдым. Әскери қызметкерлерге, олардың киіміне қарап, қатты қызығатынмын. Тіпті, мектепте Алғашқы әскери дайындық сабағында взвод командирі де болдым. Бірақ анам «әскерде қызмет ету әйелге қол емес» деп, бұл ойыма бастапқыда қарсы шығып, мені айнытпақ болды. Оның үстіне, ол кезде әскери оқу орындарында қыз баланы оқуға қабылдамайтын. Сондықтан кішкене аяқ тартсам да, бұл ойымнан түбегейлі қайтпап едім. Міндетті түрде әскери адам боламын деп өзіме уәде бердім, — дейді Гауһар.

Басшы болу — үлкен жауапкершілік

Гаухар Сырлыбаева
Гауһар Сырлыбаева басқарма қызметкерлерімен. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Ол сол кезде әскери оқу орнын бітірмесе де, 1993 жылдың қаңтарынан Отардағы №4784 әскери бөлімінде қызметін бастайды. Содан бері осы салада қызмет етіп келеді. 1996-98 жылдар аралығында ішкі әскер қызметіне өтіп, прапорщик атанады. Прапорщик әскери атағы әскер қатарына алынып, арнаулы курстарды бітіргеннен кейін немесе әскери мамандыққа сай жоғары және арнаулы орта білімі бар адамдарға беріледі. Одан бөлек, келісілген мерзімнен тыс Қазақстан Қарулы Күштерінде қызмет етуге ниет білдірушілерге де табысталады. 1997 жылы ол Мемлекеттік тергеу комитетіне ауысып, кіші лейтенант атағын алады. Одан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің кадр бөлімінде жұмыс істейді. 1998 жылдың маусымынан бастап Жетісу ауданының әскери басқармасына ауысып, сонда қызметін жалғастырады. 2009 жылы Алматы қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасы кадр бөлімінің басшысы болады. Осындай қызметтерді атқарып жүріп, ол басшыларынан және командаластарынан көп нәрсе үйренгенін айтады.

Өз командирлерімнен әрдайым бірдеңе үйренуге тырысатынмын. Бұл жағынан мен ешқандай қиындыққа кезікпедім, керісінше, жолым болды. Өйткені басшыларым менен ақыл-кеңесін аямай, «сенің қолыңнан келеді» деп, сеніп, маған әрқашан қолдау білдірді. Ал басшы болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мұндағы қызметкерлердің жұмысы көңілімнен шығады, барлығы өз ісінің білгірлері, — дейді ол.

Әскер адамды жынысына қарап бөлмейді

Гаухар Сырлыбаева
Гауһар Сырлыбаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Әскерде әйелдер де еркектер сияқты күні-түні кезекшілікте тұрады, жүгіреді, қару асынып, полигонда жүреді. Алатау аудандық қорғаныс істері басқармасында ерлерден бөлек, бір офицер және келісімшарт бойынша төрт әйел адам жұмыс істейді. Ерсің бе, әйелсің бе, осы саланы таңдаған екенсің, темірдей қатал тәртіпке шыдап, әр іске жауапкершілікпен қарауды үйренуің керек.

Олар бұл іске шыдамайтын болса, осы жерге дейін жетпес еді. Өзім де барлық қызметкер сияқты міндеттелген нормативті тапсырып, барлық талап пен ережені қатаң түрде орындаймын. 40 жастан асқан әйелдер бір шақырым жылдамдыққа жүгіріп, кеудені жерден көтеру және пресс жасау сияқты жаттығуларды орындайды, — дейді полковник.

Әскерге барған адам өмірге басқаша көзқараспен қарайды

Ол өз ауданындағы әскерге шақырылушыларды бес саусағындай біледі. Гауһар ханым олармен өзі әңгімелесіп, тіпті бағыт та береді. Көбі таңғалып, алдында басқарма басшысы ғана емес, полковниктің өзі тұрғанына сенбейтін көрінеді. Бірақ полковник олардың өзін жайлы сезініп, қысылмауы үшін өзін барынша қарапайым ұстап, олармен тең дәрежеде әңгімелеседі. Әскерге шақырылушылардың денсаулық жағдайы, алдағы жоспарлары туралы да сұрайды. Оның айтуынша, көп жігітті әскер жақсы жаққа өзгертеді. Олар өмірге басқаша көзқараспен қарап, нағыз ер азамат сияқты ойлай бастайды.

Бір жас жігіт әскерден кейін анасын қатты сыйлап, оған дұрыс көңіл бөле бастағанын айтқан еді. Оны әскер қатарына шақырып, өмірге деген көзқарасын өзгерткеніміз үшін арнайы іздеп келіп, алғыс та білдірген, — дейді.

Қызметкерлеріме әрдайым қолдау көрсетемін

Гаухар Сырлыбаева
Гауһар Сырлыбаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Гауһар ханымның айтуынша, оның қол астындағылардың ешқайсы жұмыстан қашқан емес. Әрдайым жұмысқа құлшынып тұрады. Қызметкерлерінің де басшыны сыйлап, үлгі тұтатынын байқау қиын емес. Жұмыстан кейін олар спортзалға барып, бірге жаттығады. Баскетбол ойнайды. Гауһар бұл ойынмен бұрын кәсіби түрде айналысқан екен, қазір де арасында ойнап тұрады.

Басшылық қызметке кірісе салысымен өзім басқаратын ауданды үздіктер қатарына қосу мақсатым болды. Көп ұзамай жұмыс нәтижелі болып, көрсеткіштеріміз қала бойынша жоғары бола бастады. Мұның бәрі қызметкерлердің жұмысқа деген құлшынысының арқасында. Күн сайын ұжымды қарсы алып, олардың жұмысқа қандай көңіл-күймен келгенін байқаймын. Егер олардың басында немесе отбасында қандай да проблема болса, бұл сөзсіз жұмысқа да әсер етеді. Сондықтан оларға әрдайым кеңесімді беріп, көмектесуге тырысамын, — дейді басқарма басшысы.

Баламмен тауға шыққанды ұнатамын

Гаухар Сырлыбаева
Гауһар Сырлыбаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Одан бөлек, Гауһар бос уақытында кітап оқығанды жаны сүйеді. Оның 12 жастағы ұлы бар. Жұмыстан қолы қалт етсе, уақытын ұлымен өткізгенді ұнатады. Онымен бірге тауға шығады, ойнайды. Гауһар мұнымен тоқтап қалмай, әлі де аянбай еңбек етеді. Әскердегі ең жоғары генерал шенін алғысы келеді.

Барлығына менің жұмыстан кейінгі өмірім қызық. Биік өкше, белдемше, көйлек атаулыны кие алмаймын, тіпті, оған қызыққан да емеспін. Үйде спорттық үлгіде киінемін, — дейді өзі.