«Болашақ» халықаралық стипендиясының түлегі Андрей Хван — Kagazy Recycling зауыты директорының өндіріс жөніндегі орынбасары. 2017 жылы ол қызмет ететін кәсіпорын экологиялық ахуалды жақсартуға қосқан үлесі үшін «Парыз» сыйлығын иеленді. Kagazy Recycling — шикізатты қайта өңдейтін Орталық Азиядағы ең ірі кәсіпорын.
Логистикадан өнеркәсіпке
Мен 2012-2013 жылдары «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританиядағы Уорик университетінде логистика мамандығы бойынша магистратурада оқыдым. 2013 жылы диплом алып келген соң Samsung компаниясының сервис орталығында жұмыс істедім. Қазақстан бойынша және Өзбекстан, Моңғолия мен Түрікменстанға қосалқы бөлшек жеткізетін осы орталықта менеджерлік қызметте болдым. Ол жерде үш жыл жұмыс істеп, кейін Kagazy Recycling зауытында логистикамен — қоймада сақтау және көлік тасымалы мәселелерімен айналыстым.
Қазір зауытта логистика бір жүйеге келген. 1,5 жылда біз көптеген үрдісті оңтайландырып, жұмыстың кейбір бөлігін автоматтандырдық. Сондықтан өндірісте жұмыс істеу мүмкіндігі туған кезде осы қызметке ауысып кеттім. Себебі маған өнеркәсіп саласы қызық. Мұнда өнімді жасауға тікелей қатысып, эффектін бірден көруге болады. Жұмыс тартымды әрі көлемі кең. Өндіріс процесі де оңай емес. Әрдайым бақылап отыру керек. Сондықтан үрдісті оңтайлату мүмкіндігі көп. Мысалы, бір жерде механикалық көрсеткіштер төмендейді, бірде шикізат шығындалады. Оның үстіне барлық жерде баға өсіп жатыр. Осының бәрін қадағалап, түрлі жолмен оңтайландыру маңызды. Зауыт жұмысында бұл бірден байқалады.
Қазір 4 бағытта жетекшілік етемін. Олар: логистика, технология мен сапа бөлімі, қағаз бен картон өндіру департаменті, гофрақорап жасау департаменті.
Қағаз қалдығы — өндірісіміздің негізі
Алматыда макулатураны қабылдайтын алты бөлімше бар. Онда кез келген тұрғын ескі газет-журнал, кітап-буклет, тетрапакет, тегіс және гофраланған (қатпаршақ) картон, қорап, пластикалық шөлмектерді апарып тапсыра алады. Kagazy Recycling кәсіпорнының Kazakhstan Waste Recycling еншілес компаниясы бар. Ол бізге макулатураны базарлардан, супермаркеттер мен шағын дүкендерден жинап әкеледі.
Макулатура — қағаз бен картон өндірудің негізі. Цехта қағаз қалдықтарын қайта өңдеу үшін алдымен ағаш талшықтарын оларбірге келетін скотч, полиэтилен сияқты бөгде заттардан арнайы аппарат арқылы тазартамыз. Кейін кіржуғыш машина сияқты құрылғыда талшықтарды ұсақтап, су қосып, сұйық қамыр сияқты күйге жеткенше араластырамыз. Химикат себіліп, микробтар мен зиянды заттардан залалсыздандырылады. Кейін ол қағаз жасау машинасы арқылы кептіргіш үстелге біркелкі етіп құйылады. Содан кейін престеледі, кептіріледі, желім жағылады. Сапалы болуы үшін қағаз бірнеше қайтара кептіріледі.
Қағаздың бір орамының салмағы — шамамен 1,5-2 тонна. Макулатураны қайта өңдейтін цехтан шыққан орамдар зауыт төңірегінде орналасқан картон жасайтын екінші цехқа апарылады. Қағаз — жұқа материал, ал картон қалыңырақ, қағаздың бірнеше қабатынан тұрады. Картон жасау үшін қағаз орамы цехта бірнеше кезеңнен өтеді. Оның ішінде басты кезең — гофралау. Гофраланған картон үш қабаттан тұрады: қағаз, гофраланған қабат, кейін тағы бір қабат қағаз. Картон дайын болғанда одан түрлі қорап пен науаша жасалады.
Қорапты гофралап жасаған маңызды. Себебі гофраланған қорап өнімді не тауарды тасымалдау кезінде оған зақым келтірмейді. Бұл қораптар мен науашаларды алатын клиенттеріміз — көбіне «Рахат» сияқты азық-түлік индустриясының өкілдері.
Осылайша біз жылына 110 миллион шақырым қорап, яғни 60 мың тонна қағаз бен картон шығарамыз. Орта есеппен айына 5 мың тонна қағаз-картон жасаймыз. Kagazy Recycling-тің бұл жағынан Орталық Азиядағы ең ірі зауыт саналатыны да содан.
Kомпания құрылғаннан бері 4 миллионға жуық ағашты құтқарды. 11,3 миллион адамды таза ауамен қамтамасыз етті. 37,5 миллион кВт электр қуатын үнемдеді.
Ысырап болмауы үшін суды да қайта тазартамыз
Қағаз бен картон жасау үрдісі көп энергияны қажет етеді. Зауытта су, электр қуаты мен бу жиі қолданылады. Сондықтан макулатураны қайта өңдеу энергия шығыны бойынша металлургиядан кейінгі екінші орында.
Kagazy Recycling өткен жылдан бастап энергия мен табиғи ресурстарды үнемдеу мақсатымен финн технологиялары бойынша су тазартатын нысан салды. Ол зауыттың маңайында орналасқан. Құрылысына зауыт қаражатынан 1,5 миллиард теңге жұмсалды. Бұл нысан өткен жылдан бері суды биологиялық жолмен тазартып, қайтадан өндірісте қолдануға мүмкіндік беріп жүр.
Тазарту 4 кезеңнен тұрады. Біріншісі — механикалық тазарту. Екіншісі — флотация (сулы ортада бір минералды екіншісінен ажыратып алу әдісі). Үшінші кезең — бактериялардан тазарту, соңғы кезең — флотацияның екінші сатысы. Осылайша тазартылған суды біз бөлектеп, жартысын өндірісте қайтадан қолданамыз. Қазіргі уақытта нысан жұмыс істеп тұр. Ол күніне 3000-3200 текше метр суды тазарта алады.
Өндірісте табиғи ресурстардың ішінде су көп мөлшерде қолданылатындықтан оны тазартуға да айрықша көңіл бөлдік. Енді зауытта пайдаланылған су көлемінің 40%-ын қайтарып ала аламыз. Суды тиімді қолдана отырып, маңызды экологиялық аспектілерді де ұмытпаймыз.
Ал макулатурадан шыққан қалдық полигонға апарылады. Көбіне бұл — ұсақ талшықты қағаз. Бірақ қазір бұл қалдықты да өндірісте қолдануды қарастырып қойдық. Алдағы уақытта одан жұмыртқасалғыштар жасау жөнінде жаңа жоба дайындап жатырмыз.
Еуропа өз бетіммен батыл жұмыс істеуді үйретті
Ұлыбританияда студент білім алумен қатар дербес болуға бейімделеді. Ал жұмыс істеген кезде, меніңше, дербестік — бірінші орында. Мысалы, маған тапсырма берілсе, оны орындау мен шешу жолдарын тауып, саралап, басшылыққа апарамын. Бұл — жұмыстың негізі. Ұлыбританияда үйренген ең басты дағдым да осы — өз бетіммен жұмыс істей алу. Оны меңгерудің маңызды екенін бағалау жүйесінен-ақ байқауға болады. Сабақта жасаған жұмыстарымыз бағаның 10-15%-ы ғана еді. Ал қалған пайыздар өз бетімен жасаған жұмысқа байланысты қойылады.
Бұл зауытта мамандығым бойынша 1,5 жыл жұмыс істедім. Ұлыбританияда алған білімім сол кезде пайдаға асса, ал игерген дағдыларымды қазіргі қызметімде қолданып жүрмін. Себебі өндіріс саласы кең, ол — мүлдем басқа бағыт. Бірнеше департаментке жетекшілік ету үшін өз бетіммен ізденіп, жұмыс істеуім керек. Мұны игергендіктен қазір маған қажетті деректермен жұмыс істеу оңай.
«Болашақ» бағдарламасы маған әлемнің түкпір-түкпірінен достар табуға көмектесті. Оқу кезінде өте жақсы адамдармен таныстым. Әлі күнге дейін жұмыста қандай да бір сұрақ туындаса, олармен хабарласып тұрамын. Ал кейбірімен жақсы достасып кеткеніміз соншалық, бір-бірімізге қонақ боп барып, отбасымызбен араласамыз. Сондықтан олардан әрдайым қолдау таба алатыныма сенімдімін.