«ТрансОйл» сақтандыру компаниясы» АҚ-на сақтандыру, қайта сақтандыру қызметтерін жүзеге асыру құқығына берілген лицензияның қолданылуы алты ай мерзімге тоқтатылды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұлттық банк басқармасының «ТрансОйл» сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамы туралы» 2018 жылғы 29 қазан № 238 қаулысына сәйкес, «ТрансОйл» сақтандыру компаниясына жалпы сақтандырудың міндетті және ерікті нысандағы сақтандыру түрлері және қайта сақтандыру қызметі бойынша сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына берілген 2016 жылдың 6 қаңтарындағы № 2.1.42 лицензияның қолданылуы мына себептерге байланысты 6 айға тоқтатылды:
— уәкілетті орган қолданған шектеулі ықпал ету шараларының талаптарын орындамау;
— негізделмеген сақтандыру сыйлықақыларының мөлшерін қолдануда көрінген сақтандырудың міндетті түрлерін реттейтін ҚР заңнамалық актілерін бұзу;
— Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында көзделген талаптарды жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік 12 ай ішінде 3 және одан да көп рет) бұзу.
«ТрансОйл» СК» АҚ-ға лицензияның қолданылуын тоқтата тұру мерзімі өткенге дейін қолданыстағы сақтандыру шарттарын ұзартуды және сақтандыру сыйлықақыларын, жаңа сақтандыру шарттарын жасауға, сақтандыру агенті ретінде міндетті және ерікті нысандағы сақтандыру түрлері бойынша сақтандыру делдалдығын жүзеге асыруға тыйым салынады.
Ұлттық банктің баспасөз қызметінің мәліметінше, «ТрансОйл» СК» АҚ бұрын жасалған сақтандыру шарттары бойынша өзiне қабылдаған мiндеттемелердi орындауға мiндеттi. Лицензияның міндетті және ерікті нысандағы сақтандыру түрлері және қайта сақтандыру қызметі бойынша қолданылуы «ТрансОйл» компаниясына №238 қаулы жіберілген күннен (2018 жылғы 31 қазан) бастап тоқтатылған болып есептеледі.
Айта кетейік, ақпарат құралдары Ұлттық банктің «Азия Life өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ-ның лицензиясының әрекет ету мерзімін 3 айға тоқтатқанын да хабарлап жатыр.