Бразилияның Сыртқы істер министрі Қазақстанға екіжақты қатынастардың тарихында тұңғыш рет ресми сапармен келді. Оңтүстік Америкадағы ірі мемлекеттің сыртқы саяси мекемесінің басшысы — Бразилия Федеративтік Республикасының Сыртқы істер министрі Алоизио Нунес Астанада қазақстандық әріптесі Қайрат Әбдірахмановпен кездесті.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, Алоизио Нунестің ресми сапары екі ел арасында дипломатиялық қатынастардың орнауына 25 жыл толуына орайластырылды, бұл — достық пен ынтымақтастықты нығайтудың жаңа кезеңі. Осы жылдар ішінде Қазақстан мен Бразилияның серіктестігі 2007-2009 жылдардағы жоғарғы деңгейдегі сапар алмасудың арқасында айтарлықтай нығая түсті. 2016 жылғы қыркүйекте Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Бразилияның президенті Мишел Темермен Қытайда өткен G20 саммитінің алаңында қысқа кездесуі болды.
Бразилия Қазақстанның Латын Америкасындағы негізгі сауда серіктесі екенін ескере отырып, министр Қайрат Әбдірахманов іскерлік байланыстарды жандандыру, екіжақты экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту үшін қазақстандық және бразилиялық бизнес-қауымдастық өкілдерінің іскерлік форумдары мен B2B кездесулерін өткізудің маңызын баса айтты. Былтыр екіжақты тауар айналымы 135 миллион доллардан асты және бұл көрсеткіштің өсетін түрі бар.
Министр Қайрат Әбдірахманов шетелдік кәсіпкерлік үшін Қазақстанда қалыптасқан қолайлы жағдайларға назар аударып, ауыл шаруашылығы, аэроғарыш және әскери-өнеркәсіп кешені, энергетика, тау-кен өнеркәсібі, «жасыл» технологиялар, туризм, білім беру саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыруға шақырды.
Бразилия тарапы Астананы 2017 жылы EXPO-ны сәтті ұйымдастыруымен құттықтап, бүкіләлемдік мамандырылған көрменің жанынан құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Жасыл технологиялар және Инвестициялық жобалар мен ІТ стартаптардың халықаралық орталықтарымен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдірді.
Қазақстан БРИКС, G20, МЕРКОСУР сияқты әлемдік және аймақтық құрылымдарда маңызды орын алатын Бразилиямен көпжақты форматта диалогты тереңдетуге қызығушылық танытты. Еуразиялық экономикалық одақ пен МЕРКОСУР арасындағы ынтымақтастықтың дамуына екі елдің өзара әркеттестігі жағымды әсер беретіндігі айтылды.
Тараптар БҰҰ аясында жаһандық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша өзара сындарлы іс-қимылды жалғастыруға келісіп, ядролық қаруды таратпау және халықаралық терроризмге қарсы тұруға ерекше көңіл бөлді.
Жақын арада Қазақстан мен Бразилия Сыртқы істер министрліктері өзара мүдделі басымдық салаларды қамтитын екіжақты ынтымақтастықтың Жол картасын үйлестіреді.