Басты бетЖаңалықтарМешіт қызметкерлеріне...

Мешіт қызметкерлеріне дін туралы заңнама түсіндірілді

Мешіт қызметкерлеріне зайырлы қоғамдағы ислам дінінің рөлі, мемлекеттік құрылымдардың өзара іс-қимылы, діни конфессия, ҚР дін саласындағы заңнамасы, қоғам мен саясат, дін саласындағы осы және басқа да маңызды қатынастар түсіндірілді.

Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Алматы қаласының дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен Орталық мешітте дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіруге арналған семинар-тренингтер өткізіп жүр. 8 қазанда басталған семинар 15 қазанға дейін жалғасады.

Дінтанушылар наиб-имамдар мен оқытушыларға ислам негіздерінің курсы туралы дәріс оқиды. Осыған дейінгі курсқа қаладағы 49 мешіттің қызметкерлері қатысты.

Онда «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Қайрат Затов, философия ғылымдарының докторы Бағдат Бейсенов, дінтану магистрі Елнар Берікбаев және тағы басқа мамандар дәріс оқыды.

Дәріскерлердің айтуынша, зайырлы мемлекеттің негізгі қағидаларына діни сенім бостандығы, демократия, мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды реттеудің құқықтық тетіктері, басқа діндегі немесе дінді ұстанбайтын азаматтардың құқықтары мен бостандығын құрметтеу жатады.

Дінтанушы Қазақстанның діни бірлестіктердің қызметін реттейтін заңнамасының нормалары мен ережелері туралы түсіндірді. Ол түсіндіріп қана қоймай, заңнамаға өзгеріс енгізудің негізгі мақсаттарын да ашық айтты.

Семинар кезінде жалпы дінтану тұрғысынан қарағандағы діннің қызметі талқыланды.