Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстандағы сайлау жүйесінің 25 жылдығына арналған «Сайлаудағы заманауи технологиялардың рөлі: стандарттарды жақсарту, қоғамдық сенім» атты халықаралық конференцияға қатысты.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс-шараға Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Берік Имашев, Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы Дьердь Сабо, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, Достастық елдері Парламентаралық ассамблеясының өкілдері, Түркия, Корея, Үндістан, Латвия, Литва, ТМД елдері және басқа да мемлекеттердің сайлау комиссияларының жетекшілері, халықаралық және қазақстандық сарапшылар қатысты.
Конференцияда Қазақстанның және өзге де елдердің жаһандану жағдайындағы сайлау жүйесінің өзекті мәселелері талқыланып, заманауи сайлау технологияларын қолдану тәжірибелері қарастырылды, сонымен қатар сайлау үдерісі саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың жаңа формалары мен тетіктері ұсынылды.
Гүлшара Әбдіқалықова конференцияға қатысушыларға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді.
Тәуелсіздік алған сәттен бастап еліміз мемлекеттік және саяси құрылымын жетілдіре отырып, жүйелі реформалар жолымен келе жатыр. Қазақстан сайлау құқығы мен сайлауды ұйымдастыру ісіндегі халықаралық жоғары стандарттарды берік ұстана отырып, осы саладағы жаһандық ынтымақтастықтың белсенді жақтаушысы болып саналады. Бүгінде сайлау үдерісінде мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін, кәсіби құзіреті мен қоғамның оларға деген сенімін арттыруға ықпал ететін жаңа технологияларды енгізуге айрықша мән беріліп отыр, — деген Елбасы.
Конференция аясында «Қазақстанның сайлау жүйесінің қалыптасуы мен дамуының тарихи-құжаттамалық негіздері» атты көрме өтті. Онда ел аумағында XV ғасырдан қазіргі уақытқа дейінгі түрлі тарихи кезеңдегі сайлау жүйелерінің қалыптасу және даму тарихы көрсетілген.