Радикал және жалпы жат ағым өкілдері бар. Радикалды жат ағымдағылар — позициясын экстремистік, террористік бағыттағы іс әрекетімен де, сөзімен де көрстетін адамдар. Олардың қоғамға көңілі толмайды, туыстарын, мемлекетті «тағут» деп, мемлекеттік қоғамды дінсіз атеистік қоғам ретінде санайды. Сонымен қатар жат ағым өкілдері мемлекеттің заңдарына бағынбайтын, Конституциясын, салт-дәстүрді, еліміздің діни ағартушылық саласындағы бірден-бір орын — Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы мүфтиятты мойындамайды.

Қазіргі біздің қоғамда сәләфи атымен танымал «байсалды сәләфилерді» жат ағым өкілдерінің бірі деп жүрміз. Бұл енді сәләфидің тілдік немесе шариғаттағы мағынасын емес, тек қазіргі қоғамда танымал болған атымен ғана айтып жатырмыз. Бұл топ, әрине, мемлекеттің заңдарын, Конституциямызды мойындайды, бірақ олар салт-дәстүр мен мүфтиятқа қарсылықтарын білдіреді. Салт-дәстүрді адасушылық, мүфтиятты діндегі жаңашылдықтың иелері, бидғатшылар деп есептейді. Сол себептен ҚМДБ пәтуларына бағынбайды. Олардың негізгі дерті денелері осында болғанымен жүректері, ойы — барлығы Сауд Арабиясы деп соғып тұрады. Денелері біздің елде жүргенімен жүректері сол жақта жүр. Олар Сауд Арабиясының пәтуасына, біз жергілікті мүфтияттың пәтуасына бағынамыз.

Қоғамға қандай зиян келтіреді?

Қазіргі уақытта олар үлкен зиян туғызады деп айта алмаймын. Жат ағым өкілдері халыққа агрессия тудырмайды, тек олардың саны көбейсе, билікке талаптарын қоюы әбден ықтимал. Оған тарих куә. Мысалы, Мысырда осындай байсалды сәләфилер сайлауда 30% дауыс жинап, «Хизб ән-Нур» партиясын құрып, билікке талаптарын қойған. Қазір біз олардың саны көбейіп кетпеуі үшін жұмыс істеп жатырмыз. Мысалы, Мекке, Мединенің биік мінберлерінде XVII ғасырға дейін мәсхаб ұстанушылық, бір мәсхабқа бағыну, мәсхаб кітаптары мен шариғаттағы құқық мәселелерін түсіну сияқты ауқымды тақырыпта дәрістер жүргізілген. Бірақ XVIII ғасырда бұл дәрістер үлкен қозғалыстың кесірінен жойылды. Өйткені жат ағым өкілдерінің саны көбейді, сапасы артты. Сондықтан қарапайым халық басылып қалды.

Қазақстанда қанша сәләфи бар?

Сәләфилердің нақты санын шегелеп айту қиын. Қазақстанда шамамен 20 мыңдай сәләфи бар шығар. Олар халықтың 20-25%-ы болса, елімізге қауіп төнуі мүмкін.

Олар өздерінің сәләфи екенін жасыра ма?

Кейбірі жасырады. Негізі ашық түрде айтады. «Сәләфи» сөзінің мағынасы пайғамбар мақтаған, өзі өмір сүрген, алдыңғы үш ғасырдағы салихалы жандарға ерушілер дегенді білдіреді. Яғни атау жақсы, бірақ біз кез-келген нәрсенің аты емес, заты маңызды, мұсылман пайғамбарға (с.а.с.) және оның ізбасарларына еретінін сөзімен емес ісімен көрсету керек. Мысалы орта ғасырдағы мұсылмандар, білімді ғалымдар, салихалы адамдар да сәләфтарға ерген, соларға ұқсағысы келген. Бірақ олар өздерін сәләфиміз деп бөлектемеген, жекелей, басқалардан бөліп, өздеріне атау бермеген.

Оларды қалай тануға болады?

Біздің Мәшһүр Жүсіп, Абай атамыз айтып кеткен ақида, сенім мәселелерінде, Орта Азияның ислам ғалымдары матуриди деген сенім ақидасына бағынған. Мұхаммед ибн Махмұд Әбу Мансұр әл-Матуриди ақида қалыптастырмаған, тек ақиданы жүйелеп кеткен. Ақида ол негізінен пайғамбардың кезінен бар дүние ғой. Тек сол ақиданы жүйелеп, ретке келтіріп, кітап ретінде жинақтап, тақырыптарға бөліп, адамға түсінікті әдістермен жазып кеткен. Хронологиялық тұрғыдан жүйелеп кеткен осы имам Матуриди болған. Ол Орталық Азияда өмір сүрген. Соның қалыптастырған мектебін біздің Орта Азиядағы ғалымдары, діни білімі бар интеллигент кісілер, діни білімі болмаса да, жалпы зиялы қауым өкілдері осы имам Матуридидің ақидасын ұстанған. Ал қазіргі жат ағым өкілдерінің ең бірінші күмән келтіретін жері осы — олар имам Матуриди ақидасын мойындамайды, яғни біздің зиялы қауым өкілдерімен ақида мәселесінде бір ауыздан келіспейді, оларды адасқан ретінде санайды. Абай, Шәкәрім, Ыбырай мен Мағжанды, басқа да біздің діни зиялы қауым өкілдерін сол үшін де мойындағысы келмейді.

Дінтанушы
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Сәләфилердің басқалардан айырмашылығы қандай?

Матуриди ақидасында Алла тағалаға мекен берілмейді деп айтады. Ал сәләфтар Алланы аспанда деп есептейді. Алланы аспанда деп сенген адамның бәрі жат ағым өкілі деген сөз емес. Бірақ мұндай сенім басқа да жат сенім негіздеріне әкеледі. Діни сауаты аз адамдардың бәрін адасқан дей беруге болмайды. Кез келген діни сауаты таяз адам Алланы көкте, аспанда деп айта салуы мүмкін.

Олар бір мәсхәбқа бағыну деген мәселеде келіспейді. Мысалы, Әбу Ханифа мәсхабы туралы сөз қозғалған кезде Әбу Ханифаның сөздері хадиске қайшы келсе, онда біз Әбу Ханифаның сөзін тастап хадисті қолданамыз. Өйткені Әбу Ханифа өзінің ең сенімді, атақты шәкірттерінің бірі Әбу Юсуфке: «Әбу Юсуф, сен менің істеген әр нәрсемді жаза берме. Мен бір сөзді айтамын, кейін ол сөзден қайтамын. Егер менің сөзім хадиске қайшы келсе, онда менің сөзімді таста да, хадисті ал» деген сөзін ескеріп, олар Әбу Ханифаға қайшы келмейді деп ханафи мәсһәбінің 75-80%-ын сүннитке қайшы ретінде көреді де, 15%-ын ғана ұстанады. Көптеген бауырларымыз діни білімі өте тар болса да, осындай мәселелерде «ханафи мәсхабын ұстаймын, бірақ мына мәселеде мынаны алып тастаймын» деп тіпті ханафи мәсхабының 70-80%-ын ұстанбайды. Оны ғылыми тілде айтқанда «охлократия» деп атайды. Ол «көпшіліктің билігі» деген мағынаны білдіреді. Мысалы, көшбасшылары: «Әбу Ханифа, имам Мәлік сияқты ислам ғалымдары да — пенде, сендер де — пендесіңдер, олар да қателеседі, сендер де қателесесіңдер. Олар да — Алланың құлы, сен де — Алланың құлысың, ол оқыған Құранды сен де оқисың», — деп адамды сол ғалымның дәрежесіне дейін көтеріп жібереді. Ал салыстырсақ, ислам ғалымы мың мәселе қозғаған кезде, оның бесеуінде қателесуі мүмкін. Оның да пенде екені рас. Бірақ 995 мәселені дұрыс айту ықтималдығы жоғары. Ал енді қарапайым, дінді кеше ғана білген кісі 1000 мәселенің 100-інде қателесуі мүмкін. Өйткені ғалым көретін терең, нәзік мәселелерді қарапайым кісі басқа бір қырынан көреді. Сол себепті ол дұрыс түсінбей қалуы мүмкін. Охлокаратия ауруы дегеніміз — адамның дәрежесін өзіне лайықты деңгейден жоғары ұстауы. Охлократиямен ауырған адам өзінің дәрежесін жоғалтып алады. Жат ағым өкілдерінің көбі осындай диагнозбен ауырады.

Олар қандай ғұламаны пір тұтады?

Олардың айтып жүретін ғалымы — ибн Таймия. Ол VII-VIII ғасырларда өмір сүрген. Негізі оның түбі күрд ұлтынан. Моңғол шапқыншылығы кезінде соғыс жүргізген, жауынгер кісі болған. Өмірінің көп бөлігін зынданда өткізген. Бұл Сирия, Дамаскта ислам дамып тұрған кезде болатын. Осы Ибн Таймия көптеген ислам ғалымдарына қарсы шығып, олардың позициясымен, пікірімен келіспей, жат, басқаша көзқарастар қалыптастырған. Ибн Таймияның шәкірті ибн әл-Қайим деген кісі болған. Ал, сәләфилер осылардың сөзін пір тұтады. Олардың айтқандарын бүкіл ислам үмметінің сөзі, сәләфтардың жолы осы екі кісінің сөзіне қашан да сай келеді деп есептейді. Қалған ислам ғалымдарын мойындаса да, кейбір сөздерін алады, көп сөзін қолданбайды. Дей тұрғанмен жаман ғалым болмайды, тек кейбір қате
пікірлері болады, тек сол қате пікірлерін алып, оны тіпті мемлекеттік идеологияға айналдыру, ғалымның жеке көзқарасы мен уахиды (Алла немесе елшісінен келетін хабар) ара-жігін ажыратпау көптеген конфликтілерге жол ашады.

Қазақстанда тағы қандай жат ағым өкілдері басым?

Бізде экстремистік топ саналатын таблиғи жамағат өкілдері бар. Олардың ең бірінші қателігі білімдері таяз, көп нәрсенің тереңіне үңілмейді. Ал, сәләфилердің әңгімесі буквализмге немесе сөздің тікелей тура мағынасына негізделгенімен оларда білім бар. Таблиғи жамағат өкілдері өздерін ханафи, ақидада матуридиміз деп есептейді. Олар елге агрессия тудырып немесе экстремистік, террористік бағыттағы іс-әрекеттер жасамаса да, діни білімі жоқ болғандықтан теріс пікірлерін қашан да дұрыс санап, отбасы, туыстарын күндеп, айлап тамақсыз, баспанасыз, қараусыз қалдырады.

Елімізде 900-ге жуық адам абақтыда отырса, солардың барлығы дерлік — сәләфи бағытындағы санаулы кітаптарды оқып шыққан кісілер. «Үш негіз», «Төрт қағида» деген сияқты кітаптарды олардың 95%-ы оқыған. Барлық мәселе осы кітаптарды оқыған адамдардан шығып жатыр. Олар басында өздеріне не болғанын сезбеуі мүмкін. Бірақ кейін міндетті түрде түсінеді. Кейін оны тура жолда келемін деп есептеп, басқаларды адасқан, тура жолдан тайғандар дейді. Тіпті, абақтыда отырса да «мейлі бұрын ғалымдар да отырған, онда тұрған ештеңе жоқ» деп ойлайды.

Дінтанушы
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Жат ағымға қандай адамдар кіреді?

Жат ағымға кірудің басты себебі — діни білімсіздік. Біріншіден, білімі аздар басқа ортаға тез тартылады. Білімсіз болсын, болмасын адамның кейде намазға шыбыты оянады, оқығысы келеді, өмірде жолы жүрмей қалады. Екіншіден, «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деген сияқты, өздеріне көңіл бөлген ұстаздарын қашан да дұрыс, тура жолдағы адам ретінде көріп кетеді. Үшіншіден, интернетте орыстілді болсын, ағылшын, түрік — кез келген тілде сәләфи жамағаттың санаулы кітаптарының кең түрде түсіндірілген жинақ, кітаптары бар. Кішкентай парақша болса да, кез келген тілде, өте ыңғайлы әдіспен түсіндірілген. Ал ханафи мәсхәбында үлкен-үлкен жинақ кітаптар бар, оны түсіну үшін көп білім қажет. Сосын онда бір мәселе туралы қысқа-нұсқа пәтуа бере салмайды. Олар оны терең зерттейді, бір мәселеде қанша хадис болса, соның бәрін жинайды, талдайды, сосын барып пәтуа жасайды. Сол себепті оны оқу үшін адам ғылымға өзін берген болуы керек. Ал сәләфилер шығарып қойған жеңіл кітаптарды жұмыс істеп жүріп, дәрігер болып жүріп оқи салады, сол оқыған күйі фундамент болып қатып қалады.

Сирияға кеткен адамның портреті қандай?

Сирияға тек білімсіз, күнін көре алмай жүргендер кетеді деген пікір қате. Қанша жыл заңгер болған, үлкен университетті бітірген, отбасында орны бар, немерелері бар, әлеуметтік жағдайы жақсы адам да Сирияға кеткен. Бұл жердегі ең бірінші мәселе — ақидадағы вирусы. Ақида дегеніміз — сенім. Олар мемлекетті, айналасындағы адамдарды тағут көреді. Тағут дегеніміз — адасқан, құдайдың жауы ретінде көру. Бұл адамды агрессиялық әрекеттерге алып барады. Оны ақидадағы вирус десек те болады. Ақтөбеден, Шымкеттен, Қазығұрттан кетіп қалған жігіттердің әлеуметтік жағдайы жақсы болған. Мысалы, Қазығұрттан кеткен кісінің анасының айтуынша, ер адам мектепте орыс тілінің мұғалімі болған. 6-7 баласы бар. Қазығұртта үйі бар. Тек ол адамда ақидадағы вирус болған. Ақмоладағы түрмеде отырған бір кісі: «Мен байсалды сәләфи болғанмын, осы мектептің түлегімін. Бірақ мен уағыздар тыңдаған кезде радикал сәләфиге бір сәтте айналып кете салдым», — дейді. Неге? Байсалды сәләфилер мен радикал сәләфилердің аттары әр түрлі болғанымен негізгі түбіндегі көшбасшылары, ғалымдары, оқитын санаулы кітаптары бір. Үйдің кірпіші, шатыры әртүрлі болғанымен фундамент — бір. Ал фундаментке бәрі бағынады.

Күмәнді ақпарат желіден неге өшірілмейді?

Біз зайырлы мемлекетпіз. Конституцияда әркімнің діни еркіндік, бостандығы бар делінген. Кім қандай дін ұстанса да, қандай сенімде болса да, өзі біледі. Оған заң жүзінде айып таға алмаймыз. Тек кейін қиын жағдайға апарады деп айып тағуымыз мүмкін. Оның өзі көптеген дәлелді қажет етеді. Сіз бұрыс бағыттағы кітапты оқыған адамға айып таға алмайсыз. Ол шынымен сол кітапты оқыған, ішіндегі нәрсесін сұрасаңыз, айтып бере алады. Ол кітапты оқығаннан кейін жақсы жаққа бет бұрғанын, отбасын, Отанын, ортасын жақсы көретінін айтуы мүмкін. Сондықтан кітаптарды да жоя алмаймыз. Ал, интернет ресурстар арнайы коммисия құрылып, министрліктің нұсқауымен жабылады. Бірақ келесі күні екінші сайттың ашылмасына кім кепіл? Министрлік тек Қазақстандағыларды өшіре алады. Ru, org доменді сайттарды өшіре алмайды. Қарапайым Қазақстандағының өзін жою үшін көптеген дәлел ұсыну қажет. Сол себепті интернет мәселесі қоғамда өте қиын. Бізге интернетті реттеуге қарағанда адамдардың интернетке деген мәдениетін қалыптастыру керек.

Кімнің уағыздарын тыңдауға болмайды?

Қазіргі уақытта Халил деген кісі Оралда түрмеде отыр, Абдуррахман Башпаев деген сәләфилердің уағызшысы Ақмоладағы түрмеге қамалды. Зікіршілердің басшысы Исматулла қазір абақтыда. Оларға уағыз айтуға тыйым салынды. Ал бостандықта жүрген уағызшыларға «уағыз айтпа» деп заң шеңберінде айып таға алмаймыз. Мысалы, мен Ділмұратты тыңдауға болмайды десем, олар маған қарсы арыз жазады. Ол көптеген дәлелді қажет ететін нәрсе, сол себептен оларға үзілді-кесілді болмайды деп айтуға құқығым жоқ. Дегенмен, сақтық үшін діни басқарма бекіткен адамды ғана тыңдау керек.

Жат ағымға ергендерді қалай дұрыс жолға салуға болады?

Бұл үлкен жүйені жеңу үшін бізге де үлкен жүйе керек. Дәл осы бағытқа арналған уағыздар, дәл осы бағытқа арналған кітаптар қажет. Сол кітап пен уағыздар оппоненттің логикасымен санаса алуы керек. Абайдың қара сөздерімен, Мәшһүр Жүсіптің кітаптарымен біз оларға жауап бере алмаймыз. Өйткені, ол зиялы тұлғалар біздің көзқарасымызда идеал болып саналғанымен басқалардың алдында олар ешкім емес. Біз олардың қабылдайтын дәлелімен ғана сөйлеуіміз керек. Біздің тарапымыздан мұндай жұмыстар басталды, зерттеліп те, жазылып жатыр. Бірақ Сауд Арабиясы біз күресетін топтарға миллиондап қаржы құяды. Бізге бөлінген қаржыдан мың есе көп. Олар мықты жұмыс істейді. Олардың жүйесінен, әлеуметтік желіден бірдеңе іздесең, бірден керек нәрсе алдыңа шығады, біріне кірсең, екіншісі шығып қызықтырады. Тура сериал сияқты қызық жерінен бітіп қалған сайын көргің келеді ғой. Ал бізде қалай? Бірдеңе іздей қалсаң, мүлде басқа нәрсе шығып, қажетіңді таппай қаласың, жүйе өте әлсіз. Сауд Арабиясындағылар өте көп мөлшерде ақша жұмсап, мықты IT мамандарын жұмылдырды.