Дата-журналистер дәуірі келе жатыр

Қазіргі заман медианың қоғам үшін «қорған», «атқамінер» және «бақылаушы» болуын талап етіп отыр. Себебі медиаресурстардың жеке тұлғалардың қолшоқпарына айналуы жиілей түсті. Осыған дейін медиаресурстардың «ақпарат тарату» ролі әлемде маңызды болса, қазір ақпараттық соғыстың басты құралына айналып үлгерді. Десе де, қарапайым азаматтар білуі тиіс мәліметті жариялау және ақпаратты берудегі журналистің объектив (нейтрал) позициясы мен оның фактчекингі сияқты журналистердің негізгі принциптерінің сақталуы да — басты талап. Біз білген өркениеттің даму прогресі де медианың оған жылдам бейімделуін міндеттеп отыр. Мысалы, ақпарат тарату әдістерінің онлайн желілерге ойысуы осыны көрсетеді. Оған медиа ғана емес, адам баласы да жылдам бейімделуі тиіс.

Бүгін адамдар ақпаратты технологиялық хард девайстардың көмегімен алса, ертең кеңістіктегі софт-голограммаларға жүгінері анық. Софт-голограмма дегеніміз — жасалуында ешқандай металл тәрізді материал қолданылмаған, кеңістікте пайда болатын бағдарлама. Болашақта осындай техникалық дейвайстардың көмегінсіз жұмыс істейтін боламыз. Мысалы, smart көзілдірігіңіз кеңістікте экран ашып береді. Бұның да журналистикаға әсері болмай қоймайды. Қазір голограмманың технологиясын Microsoft компаниясы жасап жатыр.

Қазіргі медиаресурстардың интернетпен тығыз байланыста болуы журналистерді бағдарламалау тілін меңгеруге итермелеп отыр. Бүгін ақпараттың мол қорын игеруді үйренбеген журналист алдағы уақытта сұранысқа ие болмай қалуы бек мүмкін. Себебі дата-журналистер дәуірі келе жатыр.

Қазақ журналистикасы — әлемдік медианың ертеректегі моделінің көшірмесі

Идеал журналистика еш жерде жоқ. Болуы да мүмкін емес. Қазақ журналистикасы — әлемдік медианың ертеректегі моделінің көшірмесі. Дамыған елдердегі журналистикадан айрықша бағытта дамып келе жатқан жоқ. Сол сатымен көтеріліп келеді. Бірақ қазіргі Қазақстандағы қазақша журналистика қазақ менталитетінен асып кете алмай отыр. Біз әлі объектив журналистикадан алыспыз. Кез келген оқиғаны не жағдайды толық зерттеп, біржақты позициясыз ақпарат тарату деңгейіне жете қоймадық. Оны бір ғана конфликт жағдайдағы қазақ журналистерінің әртүрлі позициядағы әрекеттерімен дәйектеуге болады.

Мысалы, Тараздағы «Атлетик» спорт кешенінде жаттығушылардың намаз оқып жатқан кезде жаттықтырушының келіп, олардың намазын тоқтатып, жекіріп ұрысып, ертіп кеткені естеріңізде шығар. Міне, сол жағдайды қай медиа қалай жеткізді? Талдап көрелік. Бірқатар басылым мен телеарна болған оқиғаның кульминациялық сәтін сүреттеп, жаттықтырушыны жалғыз айыпты етіп көрсетті. Мысалы, «31 арнада» бұл оқиға «Құдайдан қорықпағаннан — қорық!» деген тақырыппен шықты. Сосын сюжет барысында оқиға «масқара» деген сөзбен суреттелді. Бұл журналистің объектив көзқарасынан ауытқығанын көрсетеді. Одан бөлек, жаттықтырушы мен оқушылардың арасындағы конфликтінің өзге де мотивтері болуы мүмкін. Сол жағы анықталмаған. Тек жаттықтырушының дінге бейжай қарайтынына басты акцент берілген. Оның бұлай жасауына не түрткі болғаны зерттелмеген. Оған қоса, оқушылардың жағдайды әдейі ұйымдастыруына нақты не себеп болғаны айтылмаған.

«КТК» телеарнасының сюжетінде оқиғаның мотивтері басқаша суреттеледі. Мұнда оқушылардың ата-анасы балаларының намаз оқитынын да білмегенін, олардың осындай әдейі арандатқан әрекеті үшін кешірім сұрап, балаларын мектептен шығарып алып кеткені айтылады. Сюжет барысында видеода намаз оқып отырған қос шәкірттің бір жылдан бері негізгі құрамға іліге алмай жүргені айтылады. Бұлар оған ұстазын айыптап, оның аяғынан шалу үшін осыны әдейі ұйымдастырғаны белгілі болды. Жаттықтырушы Алмат Баетов балалардың адасып жүргенін ескертіп, олардың намазды насихаттамауын ескерткен екен. Мұнда оқушылардың намазды қайдан, кімнің көмегімен үйренгенін анықтау керек еді. Себебі олар мектепке оқуға ауысқан кезде намаз оқитын болмаған. Тек осында жүріп үйренгені белгілі болып отыр. Сонда үшінші, бізге белгісіз күштің бар екені айғақталады. Жаттықтырушының насихаттамау туралы ескертпелері оқушыларға намазды үйреткен мектептен тыстағы ұстаздарының ашуын тигізіп, діннен алыс жаттықтырушысын мүлде мектептен шығарып тастауды, бір сөзбен айтқанда, оны жазалауды сахналауын оқушыларға үйреткен болуы да мүмкін. «КТК» тілшісі екі жақтың да айыпты тұстарын ортақ көрсетуге тырысқан. Десе де, видеоға түсіп қалған төңіректегі балалардың да пікірін алып, оқиғаның үшінші тараптағы көрінісіне анализ жасауы тиіс еді. Видеоның соңында бір оқушының екіншісіне жаттықтырушының артынан барып, оның сөздерін диктофонға жазуды бұйырады. Демек, бұл сахналауға балалардың барлығының қатысы бар.

Оқиғаның дәл осылай көрініс табуы біреуге тиімді болған шығар?! Осы гипотезаны анықтау үшін тағы да журналистік зерттеу жасалуы тиіс еді. Жағдайды дәл болған күйінде, объектив көзқараспен жеткізуге журналистің моральдық этикасы да кедергі болады. Діни пайымы жоғары журналистер де бар. Олар жаттықтырушының соңғы әрекетіне қатаң сынмен қарап, оны қарабет етіп көрсетеді. Ал оқушылардың осы әрекетке неліктен барғаны зерттелмейді. Зайырлы қоғамдағы көзқарасқа ие журналистер оқушыларды айыптап, жаттықтырушыны астыртын ақтап алуға тырысады.

Рейтинг үшін моральдық зияны көбірек ақпарат беру — бүкіл әлемдегі құбылыс

Телесюжетті көретін не мақаланы оқитын адамдар журналист бағыттаған көзқарасқа қарай ауады. Сондықтан конфликтінің екі жағын да ортақ баланспен ұстау журналистің басты миссиясы болуы тиіс. Ал оқиға кейіпкерлерін сынауды оқырманға қалдыру керек. Кей медиаресурстар тәрізді рейтинг үшін қисынға келмейтін, пайдасынан моральдық зияны көбірек ақпаратты беру үрдісі бүкіл әлемде болып жатыр. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ сапалы контентке сұраныстың қашан да болатыны анық. Қазіргі қазақ журналистерінің зерттеу, талдау әдістерінің жиі қолданылуына, журналистердің оқиғаны объектив түрде суреттеуіне, шындыққа ұмтылуына, әділдікке жетуге күресуіне бет бұруымыз керек. Оған әрбір адамның азаматтық позициясы мен міндеті қол жеткізе алады.

Журналистер аудиториясын өзі қалыптастырады. Бірақ кейде журналистердің бағытын оның аудиториясы анықтауы мүмкін. Бізде екіншісі басым. Қарапайым адамдарға не қызық болса, қазақ журналистері соны көрсетеді. Сосын журналистер аудиторияға баға бермеуі тиіс. Журналистер ой білдіруші емес, ойдың қалыптасуына түрткі болатын күш екенін ұмытпауы тиіс. Қоғамдық ойды қалыптастыратын да, оны бағыттайтын да — журналистер.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!