Алматы мұғалімдері Kundelik.kz электрондық күнделік жобасы басталғалы жұмыс көбейгенін айтты. Бұл мәселе Алматыға Президент Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіруге келген Парламент Мәжілісінің вице-спикері Гүлмира Исімбаеваның педагогтармен кездесуінде айтылды.
Вице-спикер мұғалімдердің пікірін толық ескере отырып, министрмен талқылауға және мұғалімдерді қосымша жауапкершіліктерден босату мәселесін шешіп беруге уәде берді.
Депутат айтуынша, «Педагог мәртебесі туралы» заңы бүгінгі күні мұғалімдер алдында тұрған көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Егер біз мұғалімдерді қандай да бір қоғамдық іс-шаралардан және басқа да кәсіби емес функциялардан толықтай босата алмасақ та, жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік құрылымдарға «Күнделік» жобасындағы мәселені шешуді тапырамыз, — деді Гүлмира Исімбаева.
Сапар аясында Мәжіліс вице-спикері № 33 Алматы емханасының ұжымымен де кездесті.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен 20% -ға арттыруды тапсырған еді. Ол үшін келесі жылы 5 миллиард теңге бөлінеді.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс. Бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, ҚР Президенті «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында денсаулық сақтау саласын цифрландыру қаншалықты маңызды екенін жазған еді.
Денсаулық сақтауды цифрландыру медициналық қателіктердің санын төмендетуге, қызмет көрсетудің сапасы мен жылдамдығын, сондай-ақ басқарушылық шешімдерді қабылдау сапасын арттыруға мүмкіндік береді, — делінген бағдарламада.