Мұғалімдер байқауда қалай жарты миллион теңгеден ұтып алды?

Биыл Bilim Media Group компаниясы ұйымдастырған "Жаңашыл мұғалім-2018" байқауына 1200-ден астам мұғалім қатысты. Соның ішінде төрт аталым бойынша алты ұстаз жеңімпаз атанды. Байқаудың жүлде қоры 2 миллион теңге болды. Бүгін біз жеңімпаздардан осы байқау және Bilimland.kz сайтының пайдасы туралы сұрап білдік.

BMG компаниясы байқауға келген жұмыстарды бағалауда мұғалімнің ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) тиімді қолдану әдіс-тәсілдеріне, сабақты мазмұнды өткізу шеберлігіне мән бергенін айтады. Осы сайыста мыңның ішінде үздік шыққан жеңімпаздар да редакциямызбен тәжірибелерін бөлісті.

Мая Жанбаева, Маңғыстау облысы Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 жалпы білім беру орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

Мая Жанбаева
Мая Жанбаева.

«2015 жылдан бастап Bilimland.kz сайтын қолданамын. «Жаңашыл мұғалім» байқауы туралы алғаш 2016 жылы білдім. Бірақ ол кезде уақыты өтіп кетіпті. Келесі жылы да сайысқа қатыспақ болып, материалдарымды жібердім. Сөйтсем, видеоматериалымды ашылмайтын форматта жіберген екенмін. Үшінші жылы да байқау туралы хабарландыруды көрдім. Сөйтіп тағы да бағымды сынадым. Екі кезеңнен де қиындықсыз өтіп, жеңімпаз атандым.

Оқушылар ағылшын тілін Bilimland.kz сайтынан жеңіл меңгереді

Сайттағы материалдар өте қызық әрі көркем дайындалған. Барлық тақырып иллюстрациямен, бейнеролик, аудиожазбалармен түсіндіріледі. Бейнематериалы бар, ауызша және сазды жаттығулар, электрондық музыкалық аспаптар да оқушының тілді меңгеру дағдысын дамытып, таным көкжиегін кеңейтеді. Анимациялық роликтер, «сөйлейтін суреттер» – баланы ойната отырып тілді үйретуге таптырмас құрал.

Әр сабағыма Bilimland.kz сайтының материалдарын қолданамын. Сайтта ұнаған материалыңды «Менің сабақтарым» деген бөлімге сақтап қоюыңа болады. Қажет материалдарымның бәрі сонда тұр. Тағы бір артықшылығы, оқушы өздігімен де, ата-анасымен бірге де осы сайттан білім ала алады».

Ермек Алмабеков, Алматы облысы Абылай хан атындағы орта мектептің физика пәні мұғалімі:

Ермек Алмабеков
Ермек Алмабеков. Фото: Bilimland.kz

«Өткен жылы қыркүйек айынан бастап Bilimland.kz сайтын қолдана бастадық. Сайттағы «Физика» курсының материалдарын сабақтарыма пайдаланып жүрдім. Бір күні  Bilimland.kz сайтынан «Жаңашыл мұғалім» байқауы туралы хабарландыруды көрдім. Барлық шартымен танысқаннан кейін «АКТ-ны қорытынды аттестаттау немесе ҰБТ-ға дайындықта қолдану» аталымына материал жібердім. Бірінші кезеңнен өткеннен кейін келесі кезеңге видео түсірдім.

ҰБТ-ға және қорытынды аттестаттауға Bilimland.kz сайтымен дайындалудың артықшылығы

Әр айда төрт апта бар. Физика сабағы аптасына екі рет өтеді, яғни бір айда оқушы сегіз сабақ оқиды. Физика пәнінде негізгі 14 бөлім бар. Олардың әрқайсын санада дұрыстап бекіту үшін бір айда екі бөлімнен меңгеруді жоспарлаймыз. Егер дайындықты қыркүйек айынан бастасақ, жеті айда барлық бөлімді өтіп боламыз. Қалған уақытта қорытынды тесттерді шешеміз.

Бірінші сабақта Вilimland.kz және Тwig-bilim.kz сайттарындағы ресурстармен теорияны меңгереміз. Мысалы, «Механикалық тербелістер мен толқындар» тақырыбын алайық. Оқушылар Вilimland.kz сайтындағы «Физика» курсына, «Механикалық тербелістер» тақырыбына кіріп, мұғаліммен бірге теорияны үйренеді, жаттығуларды орындайды. Мұғалім тек жол көрсетеді. Сабақ соңында қатемен жұмыс істейміз. Одан кейін үйренгенді ойға түю үшін тест шешеміз. Оқушылар iTest.kz сайтынан «Еркін тербелістер» тақырыбын ашып  тапсырманы орындайды.

Bilimland.kz сайтында оқушыға да, мұғалімге де барлығы дайын тұр.  Мұндағы тапсырмаларды басып шығаруға болады. Осы арқылы оқушы өз бетінше немесе мұғаліммен, ата-анасымен бірге есеп шығарып, білімін жетілдіре алады. Кей тақырыптарды түсіндіру қиын болады. Видеоматериалдардың пайдасы, әсіресе, күрделі тақырыптарда меңгеру кезінде байқалады».

Әлия Шүкеева, Ақмола облысы Новорыбинка шағын жинақты мектебінің орыс тілі пәні мұғалімі:

Әлия Шүкеева
Әлия Шүкеева

Bilimland.kz сайтын сабақтарымда жиі қолданамын. Әсіресе, Itest.kz платформасы қатты ұнайды. Байқау туралы естігенде «қатысамын» деген ой бірден келді. Байқау шарттары қиын болмады, бәлкім, сайтты бұрыннан қолданып жүргеннен кейін болар. Видеоны монтаждау бойынша тәжірибем болды. Екі кезеңнен де қиындықсыз, сәтті өтіп, жеңімпаз атандым.

Интернетте сабаққа көрнекілік құрал ретінде қолдануға болатын материал көп. Алайда Bilimland.kz сайтында барлығы мектеп бағдарламасына сай әрі жүйелі. Бастауыштың да, жоғары сыныптың да оқушыларына, мұғалімдеріне өте тиімді. Видеоматериалдар тым ұзақ та емес, бұл оқушының зейінін жоғалтпай, қажет ақпараттың барлығын сіңіруге көмектеседі. Біз сабақта онлайн режимде тесттер алып отырамыз. Оқушыларға бұл қызық. Тест жауабы бірден шығады, олар қателерін байқап отырады. Сайттағы дәрістердің де тақырыптық ауқымы кең, баланың қабылдауына жеңіл етіп жасалған».

Вilimland.kz сайты жыл сайын ұйымдастыратын «Жаңашыл мұғалім» байқауы республика көлемінде танымал болып үлгерді. Байқаудың мақсаты – мұғалімдердің оқытуда АКТ-ны қолдану көрсеткішін арттыру және педагогикалық инновацияларға қолдау көрсету. Байқау биыл да жалғасын таппақ. Ол туралы алдағы уақытта хабарлаймыз.