Алматыдан 50 жігіт Каспий жағалауына мерзімді әскери қызметке аттанды. Әскери-теңіз күштерінің Ақтаудағы бөлімшелері Алматы бойынша шақырылған 100 адамның тең жартысын іріктеп алды.

Әскерге шығарып салу рәсімі
Әскерге шығарып салу рәсімі. Фото: Кристина Новикова

Болашақ жауынгерлерді ұзақ жолға шығарып салуға олардың отбасы, жақын достары жиналды. Арасында жігіттердің бұрын әскерге барған туыс-бауырлары да бар. Олар өздерінің тәжірибесін, ақылын айтты.

Менің есімім Әнуар, 18 жастамын. Әскерге дайындығым жаман емес. Ешқандай қорқыныш жоқ. Армия тәртіпке үйретеді деп бәрі айтып жатады. Бүгін шығарып салуға бүкіл отбасым келді. Туған ағам әскерге баратыныма қуанып, ақ жол тілеп жатыр. Енді үйге әскерден хат жазып, хабарласып тұрамын, — дейді болашақ сарбаз Әнуар Мақыш.

Әскерге аттанғалы тұрғандардың арасында жоғары оқу орнын тәмамдағандар да болды.

Мен Алматы энергетика және байланыс университетін бітіріп, механик болып жұмыс істеп, біраз тәжірибе жинадым. Ал бүгін Қарулы Күштер қатарына аттанғалы тұрмын. Әрі қарай әскери қызметте қалғым келеді. Қарулы күштерге бұрыннан қызығамын. Құдай қаласа, үйдегілерге, жақындарыма хат жазып тұрамын, — дейді Берік Рахым.

Берікті ақ тілекпен шығарып салуға әпкесі келіпті.

Әскерге бару біздің баламыз сияқты жігіттердің ел алдындағы борышы ғой. Берік өзі осы салаға қызығып, әскерге барамын, азаматтық борышымды өтеймін деді. Менің баламмен екеуі бірге өсті. Ұлым әскери оқу орнында оқыды. Қазір сол салада жұмыс істейді. Жаман болып жатқан жоқ, әскери қызмет көп нәрсеге үйретеді. Мен кей аналар сияқты баламды көп уайымдамаймын. Үйде ұлым екеуіміз ғана болсақ та, мен оның әскери салаға барғанын құптадым. Бұл өзіне жақсы. Шынығып, қатал тәртіпке үйреніп, ер азамат ретінде жауапкершілікті сезініп келеді. Енді Берік те әскерге бара жатыр. Ол — тәртіпті, ұқыпты бала. Құдай қаласа, Қазақстанның беделді азаматы болып, елімізді қорғап жүре берсін. Қайда барса да, жолы болсын, сәттілік жолдасы болсын деп тілейміз, — деді Гүлқыз Сәрсебаева.

Алматылық жігіттер 27 қазан күні сағат 00.00-де Ақтауға пойызбен аттанды.

10 қыркүйекте сарбаздарды күзгі Қарулы Күштер қатарына шақыру басталған еді. Шекара әскеріне 300-ге жуық, мемлекеттік қызметке 30-ға жуық сарбаз шақырдық. Енді біз Қарулы Күштер қатарына 500-ге жуық адам шақырамыз. Сол 500-дің жартысын шақырып қойдық. Мына 50 жігіт бүгін Ақтауға аттанып барады. Олар арнайы психологиялық тестілеуден, медициналық тексерістен өтті. Енді осы 50 әскер теңіз жағалауын қорғайтын бригада қатарына қосылады. Ал жалпы 2018 жылы жоспар бойынша Алматыдан 2000-нан астам сарбазды әскерге жібереміз. Алматы халық тығыз орналасқан мегаполис болғандықтан басқа қалаларға қарағанда әскерге бізден көп жіберіледі, -дейді қалалық қорғаныс істер департаменті басшысының орынбасары Фархат Құрманғажинов.

2018 жылы республика бойынша барлығы 35 мың адамды әскерге шақыру көзделген. Оның дені — 1992-2000 жылы туған азаматтар.

Еске сала кетейік, жуырда Атыраудан 40 шақырылушы Тараздағы әскери бөлімдерге мерзімді қызметке аттанды.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!