Атырауда Мұрат Мөңкеұлының 175 жылдығына орай ғылыми конференция өтті

Конференция кезінде белгілі ғалымдар мен зерттеушілер Мұрат Мөңкеұлының бай мұрасы, өмірі мен шығармашылығы туралы әңгімеледі. Аталған тақырыпта ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары, филология және философия ғылымдарының докторлары, профессорлар, мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары және тағы басқалары баяндама жасады.

Елбасымыздың бағдарламалық мақаласында айтылғандай, бұл шара елдің ел болып қалуына, шекараның ыдырамауына үлесін қосқан азаматтардың еңбектерін ескеріп, насихаттау аясында өткізіліп отыр. Қазақтың ұлан байтақ жерін сақтап қалуға ата- бабаларымыз аянбай еңбек етті. Біздің міндетіміз — ақын-жазушыларымыздың, жырауларымыздың, жерімізді қорғаған батырларымыздың есімін ұлықтау. Атырау облысында туып-өскен Мұрат Мөңкеұлының 175 жылдығын тойлау да осының аясында өткізіліп отыр. Айтыскер ақын, жырауымыз туралы тек осы университет студенттері, тұрғындар ғана емес, барлығы білуі керек. Конференцияға қатысқан ғалымдарға, зерттеушілерге алғысымды білдіремін, — деді Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.

Айта кетейік, шараны Атырау облысының әкімдігі ұйымдастырды. Халықаралық деңгейде өткен конференцияға білім және ғылым саласының 300-ге жуық өкілі қатысты.