Қаңтар айында болатын ҰБТ-ға кімдер қатыса алады?

Талапкерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуді қаңтар айында тапсыра алады. Алайда қаңтар айында өтетін тестілеуден кейін талапкер ЖОО-да тек ақылы негізде оқи алады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініштер 1-15 желтоқсан аралығында қабылданады. Мемлекеттік білім беру гранттары негізгі ҰБТ тапсырылғаннан кейін үлестіріледі.

Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысатындар:

— Орта мектептердің 11-12-сынып оқушылары (2019-2020 оқу жылында ЖОО-да ақылы негізде оқу үшін). Қаңтар айында өтетін бұл тестілеу — түлектерге негізгі тестілеудің алдында өз білімдерін тексеру үшін таптырмас мүмкіндік. Мемлекеттік білім беру грантынан үміттенген талапкер 2019 жылғы жазда өтетін ҰБТ-ны міндетті түрде тапсыруы қажет. Өйткені қаңтар айындағы тестілеуде шекті балл жинаған тестіленуші бұл сертификатымен ЖОО-да тек ақылы негізде оқи алады;

— ЖОО-ға уақытша тіркелген және бірінші семестрді аяқтап жатқан студенттер. Бұл тестілеуден студент білім алып жүрген оқу орнына ресми тіркелу үшін және ЖОО-дағы оқуын жалғастыру үшін өтеді. Егер студент шекті балл (50 балл) жинай алмаса, оқудан шығарылады.

Еске сала кетейік, тестіленушілер қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысқаннан кейін маусым айындағы ҰБТ-ға қатысу және мемлекеттік білім беру гранттары байқауына қатысу мүмкіндігінен айырылмайды. Тестілеуге қатысу үшін өтініштер Ұлттық тестілеу орталығының ҰБТ тапсыру пункттерінде қабылданады. Қаңтар айындағы тестілеу ақылы, құны — 2242 теңге.