Атырауда тұрғындарға қоғамдық көлік жолақысын жалақы немесе зейнетақы алатын банк картасымен төлеуге мүмкіндік беретін smart-карта қолданысқа енді. Бұл туралы Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Енді жеке автобус картасын сатып алу және алып жүру қажеттілігі болмайды. Картаны қаланың 11 сауда нүктесінен — «Тамаша», «Ардагер», «Байзар», «Дина», «Насиха», «Көктем», «Мұрагер», «Лимон» орталықтарынан, теміржол вокзалынан, «Авангард», «Вокзал маңы» ықшамауданының соңғы аялдамасынан және автобус тасымалдаушыларының өздерінен де сатып алуға болады немесе осы жерлерден оның шотын толтыруға болады.
Нөлдік есептегі бір картаның құны — 300 теңге. Smart-карта Qiwi-терминалдар арқылы және SmartQala мобильдік қосымшасы арқылы да толтыруға болады.
Халыққа барлығы 9 төлем түрі қолжетімді — көліктегі smart-карта, банк картасы, NFC қолданбасы бар смартфон, QR коды, QR картасы, SMS хабарламалар, Bluetooth, мессенджер және қолма-қол төлем төлеу.
Жолақыны әрбір автобустың кабинасында көрсетілген «9505» қысқа нөміріне нақты автобус нөмірін SMS жолдау арқылы ұялы нөмірдің теңгерімімен де төлеуге болады.
Қазіргі уақытта SmartQala мобильдік қосымшасы жұмыс істейді, оның көмегімен төлемнің барлық түрін жасауға және карта теңгерімін бақылауға болады. Мобильдік қосымшада төлем көзін таңдауға, байланыстырылған банк картасы теңгерімі, smart теңгерімі немесе мобильдік теңгерім арқылы жолақыны төлеуге болады.
Көп ұзамай бұл қосымша арқылы барлық коммуналдық төлемді, жолақыны және салықтарды төлеуге болады. Жыл аяғына дейін қосымшада біз автобустардың келу уақытын, бақылау функционалын іске қосамыз. Жолаушы қалаған аялдаманы таңдап, жақын маңдағы қоғамдық көліктің нақты келу уақытын көре алады (аялдаманың онлайн-таблосы), — деді «Ѕмart -ТКШ» ЖШС өкілі Ерлан Нұрланұлы.
Бүгінде 54 автобус мобильдік терминалмен жабдықталған. 1 қарашаға дейін қаланың барлық 200 автобусын жабдықтау және оларға QR-кодтар беру жоспарланып отыр.
Атырау қоғамдық көліктерінде электрондық билеттер жүйесін енгізу оң нәтиже береді, бұл қозғалыстың ашықтығын қамтамасыз етеді, азаматтардың әлеуметтік санаттары бойынша статистиканы жүргізуге, бюджетке салық түсімдерін арттыруға, қоғамдық көліктерді бақылауға мүмкіндік беретіндігіне сенеміз, — деп мәлімдеді Ерлан Нұрланұлы.
Атыраудағы жобаның артықшылығы — төлемдер онлайн-форматта қабылданады және төлемдердің барлық 9 түрі бір интеграцияланған жүйеде жұмыс істейді.