Дзюдо федерациясының президенті болып Қайрат Қожамжаров сайланды

Конференция кезінде Қазақстан дзюдо федерациясының президенті болып Қайрат Қожамжаров сайланды.

Құрметті конференцияға қатысушылар, дзюдо федерациясын басқару – мен үшін үлкен мәртебе. Маған сенім артқандарыңызға алғыс айтамын! Дзюдо елімізде танымал және дамыған спорт түрі екені анық. Кәсіби тәжірибем Қазақстан дзюдо федерациясының әрі қарай дамуына септігін тигізеді деп ойлаймын, — деді Қайрат Қожамжаров.

Федерацияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, конференцияға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Данияр Абулғазин, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының бас директоры Елдос Рамазанов, ҚР Дзюдо федерациясының даму жөніндегі директоры Асхат Жіткеев, 2016 жылғы Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы Елдос Сметов, дзюдодан әлем Чемпионы Максим Раков, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Азамат Мұқанов, дзюдодан ҚР ұлттық құрама командасының бас бапкері Айдын Смағұлов, жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы Бекарыс Сәдуақас, жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдегері Маргарита Гриценко қатысты.

Жиын соңында жасөспірімдер олимпиадасының чемпионы Бекарыс Сәдуақас пен жасөспірімдер олимпиадасының күміс жүлдегері Маргарита Гриценко Дзюдо федерациясының президентіне құрмет ретінде кимоно сыйлады.