Қапшағай гарнизонында орналасқан 35-гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасы өзінің 70 жылдығын тойлады. Әскери бөлімнің тарихы 1948 жылы Рязаньдағы 11-ші Әуе-десант дивизиясының 111-ші парашют полкі болып қайта құрылуынан басталады. 7 жыл өткеннен кейін полк 105-ші Гвардиялық Вена Қызыл Ту бөліміне ауыстырылады. 1960-1979 жылдары әскери бөлім Қырғыз ССР-нің Ош қаласына көшеді. Содан соң бөлімше Германия Демократиялық Республикасының Котбус қаласында болып, 1991 жылы десантшылар Қапшағайға ауыстырылды. 1992 жылдың 13 мамырында гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасы Жалпы тағайындау күштеріне бағынышты бола отырып Қазақстанның Қарулы Күштерінің құрамына енді.

Осы маңызды күні бөлімше аумағында ардагерлер саябағы ашылды. Саябақтың қақ ортасында орналасқан ескерткішке болашақ ұрпаққа тілек жазылған капсула орнатылған.

35-гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасының құрылғанына 70 жыл толуына арналған мерекелік іс-шараға Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы, Қапшағай әкімінің орынбасары, ауған соғысы мен Қарулы Күштер ардагерлері, әскери қызметкерлердің әйелдері мен балалары қатысты.

Соғыс ардагері
Фото Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен

Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық десантшылар «Алдаспан», «Бейбіт миссия», «Қаратау», «Батыс», «Поиск» сияқты республикалық және халықаралық деңгейдегі әскери оқуларға қатысып, өз жетістіктерін көрсетіп қана қоймай, десанттың алдыңғы даңқты ерлігін арттырды. 35-гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасының әскери қызметшілеріне бейбіт аспан және десант дәстүрі бойынша көкте «толық күмбез жасап, жерге жайлап түсуді» тілемін, — деді Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Қайдар Қарақұлов.

Жауынгерлер қару-жарақ техникасын, қоян-қолтық ұрыс элементтерін көрсетіп, террористерді басып алудың әдістерін көрсетті. Іс-шара әскери-патриоттық рухтағы әндер орындалған мерекелік концертке ұласты.