Астанада 1000-ға жуық медбикенің жалақысы көтеріледі

Медициналық жәрдемді дамыту мен медицина қызметкерлерінің өмірін жақсарту — басым бағыттардың бірі. Бұл туралы Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев Президент Жолдауын халыққа түсіндіру барысында айтты.

588 учаскелік дәрігер мен 1000-ға жуық медбикенің жалақысы көбейеді. Сонымен қатар оларды жұмыстың жаңа әдісімен оқытуды 2019 жылдың соңына дейін 100% жеткізу жоспарланды. Бұл медициналық жәрдемнің сапасын жақсартып, асқынулардың және негізгі ауруларды госпитализациялаудың санын азайтады, сонымен бірге балалар мен жүкті әйелдердің патронажын сапалы етеді, — деді Ермек Аманшаев.

Бұдан бөлек, «Үй жанындағы дәрігер» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде «Жағалау», «Триумфальная арка», «Айнакөл», «Өндіріс» тұрғын үй кешендерінің аумағынан және «Интернациональный» кентінен 5 емхана ашу жоспарланып отыр.

Бұл емханаға кезекке тұруды жеңілдетеді және де жалпы практикадағы дәрігерге қаралатын 1700-1800 адамның жүктемесін төмендетіп, көрсетілетін қызметтің сапасын айтарлықтай жақсарта түседі, — деді қала әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін 48 медициналық учаске ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар алғашқы медициналық санитарлық көмек азаматтарға қолжетімді бола түседі.