Ерлерде омырау обыры сирек кездескенімен бұл әйелдердікіне қарағанда қауіпті әрі тез асқынуы мүмкін. Ауруға шалдыққандар барлық ем-домды қабылдап үлгермей, көз жұмады. Оның үстіне, ер адамдар көпке дейін дәрігерге қаралмай, дертті асқындырып жібереді, — дейді дәрігер.

Қатерлі ісіктің пайда болу себептері

Аурудың пайда болуының нақты себептері белгісіз. Бірақ қауіп тудыратын бірнеше себебі анықталған. Оны адамның жасына, өмір сүру салтына және кәсіптік дағдыларына байланысты жіктеуге болады. Әсіресе, жасы үлкен ер адамдардың осы ауруға шалдығу қаупі жоғарырақ. Гормондар деңгейінің бұзылуы, еркектің жыныс жүйесінің созылмалы аурулары, сонымен қатар ішімдікке салыну, бауыр аурулары, жиі күйзеліске ұшырау, семіздіктің де соңы қатерлі ісікке әкеліп соғуы мүмкін. Аурудың тағы бір себебі — тұқымқуалаушылық. Сүт безі қатерлі ісігімен ауыратын науқастың жақын туыстарының бірі бұған дейін осы аурумен ауыруы мүмкін.

Маммолог Оксана Колтун.
Маммолог Оксана Колтун. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Аурудың белгілері

Сүт безінде ауырмайтын, байланған түйіндер пайда болады. Сүт безі мөлшерінің едәуір ұлғаюы, емшек ұшының тартылуы немесе қозғалмауы да аурудың ерте білінетін белгілеріне жатады. Сонымен қатар терінің белгілі бір жері қызара бастайды, қолтықта бір немесе бірнеше байланған түйін пайда болады.

Аурудың алдын алу және емдеу жолдары

Кез келген күйзеліс, уайым — сүт безінің қызметіне әсер ететінін естен шығармау керек. Сол себепті ұсақ-түйекке уайымдап, қамығуды доғарыңыз. Сонымен қатар артық дене салмағын болдырмау қажет. Салмақты қалыпты деңгейде ұстап тұру үшін майлы тағамды көп пайдаланбағаныңыз жөн. Жыныс ауруларын уақытымен емдету, ретсіз жыныстық қатынасқа түспеу де маңызды. Ал сүт безі қатерлі ісігінің еміне келсек, ауруды тексеріп анықтайтын аппараттардың арқасында сырқаттың алдын алып, емдеуге толық мүмкіндік бар. Мамандар бірінші химия терапиясы арқылы ісіктің айналасында қызарып, не түйін боп іскен жерін азайтады. Науқасқа екі-үш мәрте химия терапиясы, содан кейін операция жасалады. Сәулемен ауру белгісі түскен жерлер күйдіріліп, радиотерапия қолданылады. Маммолог-дәрігер диагностика арқылы ауруды анықтайды, ал аурудың емімен онколог-дәрігерлер айналысады. Науқас дәрігердің толық бақылауында болады. Ол басқа ешқайда кетпейді. Себебі ерлердің де, әйелдердің де тексеріліп, емделуіне бар жағдай жасалады.

Маммолог Оксана Колтун.
Маммолог Оксана Колтун. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Обырмен ойнауға болмайды

Өкініштісі, бұл аурумен ауыратындар емші жағалап немесе өздігінен ем алуға тырысады. Себебі дәрігерге қаралудан ыңғайсызданады. Ауруы әбден асқынған кезде ғана дәрігердің қарауына келеді. Мұндай қатерлі ауруға немқұрайлы қарауға болмайды. Аурудың жоғарыда айтылған белгілері байқалса, бірден дәрігерге қаралып, көмегіне жүгіну керек. Дұрыс нұсқау мен аурудан жазылудың жолын тек дәрігер көрсетеді. Ауруға бой бермей, сабыр сақтап, барлық емді қабылдасаңыз, сүт безінің ауруы да жазылады, гормондарыңыз да қалпында болады.