Батыс Қазақстан облысында саяхатшылар Сарқырама туристік нысанына барды

Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өлкенің жеті кереметінің бірі — Сарқырамада URALSK TRAVEL FEST #2 бейресми саяхатшылар форумының ішкі туры өтті.

Форумға өлкетанушы Айболат Құрымбаев бастаған Орал, Атырау, Самара облыстарының кәсіби және әуесқой саяхатшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Қазақстандықтар мен шетелдіктерді саяхатқа ынталандыру мақсатында форумға қатысушыларға Сарқыраманың табиғатын, Қыз әулие бұлағының керемет қасиеттері көрсетілді. Олар мұнда келесі жылы да міндетті түрде келетінін айтты. Саяхат соңында қатысушылар Сарқыраманың айналасын жинап, тазалық жұмыстарын жүргізді.

Жалпы, ел ауызында Сарқырама жайлы аңыз көп. Осы жерде ертеде Салиха есімді сұлу болыпты дейді бір деректер. Оған түсінде «бұлақтың көзін аш және оны ешкімге айтпа» деген аян беріледі. Тұманы аршыған, алайда сырын анасымен бөліскен бойжеткен кешікпей көз жұмады. Қыз әулие қабірі қазір бұлақтың басында, таяқ тастам жерде тұр. Мешіт салдырып, медресе ашқан Нұрмағамбет болыс кейін 1898 жылы осы жерден бөгет салады. Сарқырама солай пайда болады. Төңіректе бұл тарихты білмейтіндер кемде-кем.

Ертелі ұзақ жолға шығып, көлігіміздің Сарқырамаға жетер жолда құмнан өте алмағанына қарамастан жаяу келген еңбегіміз соған тұрарлықтай болды. Бұл өлкенің табиғаты ерекше әдемі екен. Ауасының тазалығын, суының мөлдірін айтсаңызшы. Қыз әулие бұлағын көрген кезде сағаттап қарап отырғым келді. Бұл бұлақ қандай да болмасын тіршіліктің көзі — әйел затынан бастау алатынының бір дәлелі, — дейді турист-өлкетанушы Гүлжан Елешева.

Айта кетейік, қазанның басында ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» жобасы аясында М.Өтемісов атындағы БҚМУ мен Шыңғырлау ауданының əкімдігі арнайы екіжақты меморандумға қол қойған еді. Онда тарихи-археологиялық жəдігерлерді зерттеп, танып білу мақсатындағы бірлескен жұмыстар барысы талқыланды.