Басты бетЖаңалықтарҚазақстандық БАҚ...

Қазақстандық БАҚ аудиторияны дәл зерттейтін Chartbeat аналитикасын қолдана алады

Қазақстанда БАҚ-қа Chartbeat аналитика құралын қолдануға мүмкіндік беретін жоба басталды. Оның операторы — Қазақстан баспасөз клубының хабарлауынша, жоба аясында 25 онлайн-басылым өз оқырманының аудиториясын кеңейту үшін әлемдегі жетекші БАҚ қолданып отырған ең жаңа құралдарға қол жеткізеді.

Жоба Қазақстандағы АҚШ елшілігі арқылы Инновациялар қоры есебінен қаржыландырылады. Деректерді талдау саласындағы Chartbeat компаниясы қолданушылардың сайтқа және сайттың нақты элементтеріне қаншалықты зейін бөлетінін қадағалап отыруға мүмкіндік беретін аналитика құралдарын ұсынады.

Екі негізгі параметр бойынша өлшем жасалады: recirculation (оралу, сайт парақшаларына өту, парақшалардағы элементтермен өзара әрекеттесу) және engaged time (қолданушылардың сайтта өткізетін белсенді уақыты, сессияның ұзақтығы).

Chartbeat-тің ұсынатын басты инновациялары:

Нақты уақыт тәртіптемесінде редакциялық аналитика жүргізу;

Оқырмандардың контентке деген қызығушылығына және контентті қарау уақытына (engaged time) басты көңіл бөлу;

Әлеуметтік «ақпараттық дүмпу» мәселесін шешу;

Редактор өз материалдарының тиімділігін қадағалай алады.

Chartbeat сервисін әлемнің 60-тан аса еліндегі USA Today, CNN, The New York Times, Vox, Fox News Channel, The Washington Post, MSN, BBC, Le Monde, Ringier, The Independent, El Tiempo, Caracol Television, Nikkei America, Media Prima сияқты көшбасшы БАҚ қолданып отыр.

Жоба аясындағы байқау негізінде қазақстандық 25 онлайн-басылым іріктеп алынып, олар Қазақстан нарығында бірінші болып Chartbeat құралдарын аудиторияны талдауға тегін қолдануға мүмкіндік алады. Жобаның бірінші жылына қатысқан 25 БАҚ-қа Chartbeat екінші жылы 70%-дық жеңілдік ұсынады. Жобаға қатысушылар оқудан өтіп, компания өкілдерінен тегін кеңес те ала алады.

Жобаны айқын жүргізу және оған мониторинг жасау мақсатында құрамына отандық медиасарапшылар кіретін тәуелсіз Қамқоршылар кеңесі құрылады. Кеңестің төрағасы болып медиа саласындағы танымал маман Михаил Дорофеев сайланды.

Жобаға қатысуға өтінімдерді қабылдау 2018 жылдың 6 қарашасына дейін (осы күнді қоса алғанда) жалғасады.

Жоба аясында байқауға қатысушылар бірауыздан Ортақ есептегішті (панель) құрады. Бұл панель арқылы жарнама берушілер сайттың танымалдығына қатысты сенімді деректерді ала алады.

Chartbeat құралдарын редакция жұмысына енгізу БАҚ-қа өз аудиториясын дұрыс талдап, жақсырақ түсінуге, онлайн-өлшеудің барынша дәл әдістерін қолдануға және де контент сапасын көтеруге көмектеспек. Жоба редакциялық саясатта метрикалардың қолданылуын кеңінен тарату арқылы онлайн-нарықтың жалпы кәсіби деңгейін көтереді. Заманауи әдістерді қолдану отандық БАҚ-тың аудиториясын кеңейтіп, жарнамадан түскен табысты ұлғайтуға мүмкіндік береді.