Маған әскери салада білім алу бұйырады деп ойламадым

Нағашыларым әскери салада жұмыс істейді. Оларға демалыс сайын барып тұратынбыз. Әскери қалашықта форма киіп жүрген сарбаздарға сыртынан қарап, қызығатынмын. Бірақ сол кезде арнайы әскери білім алуды ойламаппын. Оның үстіне, Қазақстанда қыздарға арналған әскери оқу орындары аз.

Менің ҚазҰУ-ға түсуімнің өзі қызық болған. Семейге оқуға тапсырып, оқу орныма, жатақханама енді үйреніп жатқанымда ҚазҰУ-ға грантқа түскенімді білдім. Себебі тамыз айындағы конкурстан бөлек, университет қазан айында қосымша грант бөлген екен. Сонымен Алматыға келіп, 1-курс оқып жүргенімде әскери кафедраның барын естідім. Ол кезде өз сабақтарыммен қолым тимеді де, 2-курста группаластарым құжаттарын жинап жатқанда мен де ата-анаммен ақылдасып, әскери кафедраға тапсырамын деген шешімге келдім.

Еркежан Казымова
Еркежан Казымова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Алдымен арнайы құжаттарды жинадық. Одан соң медициналық тексерістен өттік, физикалық жаттығулармен норматив тапсырдық. Кафедраға түсу кезінде факультеттегі GPA балға қарай қабылдайды. Физикалық жаттығу кезінде қыздарды қатты қинамайды. 100 метрге жүгіруде жоғары бағалау шкаласы ұлдарға 14,2 секунд болса, қыздарға 16,0 секунд болатын. Мұндай шкаланы қыздардың нәзіктігіне байланысты жеңілдік деп қабылдадық.

Механика-математика факультетінің әскери кафедрадағы сабағы әр аптаның сейсенбі күні өтті. Сабағымыз сапқа тұрудан басталатын. Таңертең 08.00-ден бастап 17.30-ға дейін 100 минуттық 4 сабақ өткізіледі. Бұл күні өз мамандығымыз — әскери журналистикаға қатысты сабақтардан бөлек, психология, арнайы үгіттеу-насихаттау, әскери тактика, картография, жалпы әскери жарғылар, ұрыстық дайындық сабақтарын өттік. Біз тәрбиелік және идеалогиялық жұмыстар циклында оқыдық. Бұл — театрға, әртүрлі көрмеге бару арқылы әскери жұмыс пен мәдени өмірді ұштастыратын цикл. Сабақтан бөлек арнайы сайыстар да ұйымдастырылады. Жазғы оқу жиындары кезінде біз әскери журналистиканың студенті болғандықтан мылтық атуды үйреніп қана қоймай жауынгерлік парақша мен қабырға газетін шығарумен айналыстық. Республикалық «Сарбаз» газетіне де мақалаларымыз шығып тұрады.

Еркежан Казымова
Еркежан Казымова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қыздар табиғатынан ерке болады. Ал әскерде еркелік жарамайды. Кафедрадағы алғашқы күннен бастап мұғалімдеріміз әскердің тәртібі қатал екенін, еркелеп жүретін орын емес екенін сезіндіре білді. Ауа райының қолайсыздығына қарамай сапқа тұратынбыз, кейіннен бәріне үйрендік.

Үндістанға сапар

Біздің әскери кафедра жыл сайын Үндістанға үздік студенттерді жіберіп отырады. 2018 жылы мұндай мүмкіндік маған да бұйырды. Алдымен кафедра басшысының орынбасарымен әңгімелесу болды. Әңгімелесу кезінде іс-сапардың маңызы мен қандай жауапкершілік жүктеліп отырғаны туралы сөз қозғалды. Кафедра басшылығы бізге әскери болмысымызды танытуға аттанғалы отырғанымызды айтты. Сабақтан алған бағаларымызбен қатар кафедрадағы қоғамдық  жұмыстарға араласқанымыз, сабақтан қалмай келгеніміз, белсенділік танытқанымыз ескерілді. Қазақстанның атынан 12 делегат (10 курсант, 2 офицер) Үндістандағы әскери шеруге аттандық. Үндістаннан біздің университетке 1 қыз бен 1 ұлға шақырту келді. Кафедра университет атынан Халықаралық қатынастар факультетінің студенті Сұлтан екеуімізді жіберді. Негізгі шара — Үндістанның Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған әскери саптық шеру. 15 күндік сапар бізге жаңа тәжірибе мен басқаша әскери атмосфера сыйлады.

Еркежаг Казымова
Еркежан Казымова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бұл шараға Непал, Сингапур, Ресей, Қырғызстан, Қазақстан сияқты елдерден курсанттар келіп, тәжірибе алмасады. 15 күннің бірінде әр ел өзіне тән мәдениетін, дәстүрін көрсету үшін концерт қойды. Біз де Қазақстаннан қазақша көйлектер алып барып, қазақтың биін үйреніп, үнділерге төл мәдениетімізді танытуға барымызды салдық. Бұл концерт біздің таза еңбегіміз болды. Себебі біз 12 делегат әуежайда таныстық. Таныса салып, бірге би ұйымдастыру біз үшін қиын болды. Дегенмен концерттік бағдарламада дәстүрлі биіміз бен әніміздің, видеороликтің арқасында елімізді жақсы жағынан көрсете алдық деп ойлаймын. Үндістанның үш қаласы — Агра, Джайпур және Дели «Алтын үштік» аталады екен. Осы үш көрікті, тарихқа бай қалаларын аралап, Үндістанның ең әйгілі ғимараты Тәж Махалды да өз көзімізбен көрдік.

Үнді елінің қарулы күштерінің қандай екені, сарбаздарының сапқа қалай тұратыны, қалай адымдайтыны бізге қызық болды. Олардың адымдаған видеолары интернетте толып жүреді. Расымен, үнді сарбаздарының формасы басқаша және олар ерекше адымдайды. Үнді әскерлерінің тағы бір ерекшелігі — жаттығу кезінде көбіне ән салып жүреді екен.

Әскери қызмет әлде әскери журналистика?

Әрине, жұмыстың оңайы болмайды. Бірақ халықаралық деңгейде қарасақ, әскери журналистің жұмысы әскери адамның жұмысынан кем түспейді — екеуі бір майданда жүреді. Ал Қазақстанда әскери журналистер аз. Оның үстіне, бұрынғы әскери бағдарламалар да жұмысын тоқтатты. Бірақ жақында тек әскер тақырыбын қозғайтын арна ашылады. Бұл сала — жеке телеарна ашып, халыққа көрсетуге әбден лайық. Мұндағы әр азамат елінің тыныштығы үшін жауапты болғандықтан халыққа танытар, көрсетер оқиғалар жетіп артылады.

Еркежан Казымова
Еркежан Казымова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Болашақта…

Елімізде тәрбиелік және идеологиялық жұмыстармен айналысатын ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық негізінен Астанада ашылды, Алматыдағы Армия үйінде филиалы бар. Мен қолыма әскери құжатымды алған соң сол жерде жұмыс істегім келеді. Сонымен қатар қазір оқып жатқан мамандығым мен әскери саланы ұштастыру да ойда бар.

Болашақта жолдасым әскери адам болып жатса, қуанамын. Бұл ерлі-зайыптылардың бір-бірін түсінуіне, ортақ тақырыпта жалықпай әңгімелесуге, білмегенін бір-бірінен үйренуге жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Көп жігіт қыз балаға әскери мамандықтың қиын екенін айтып, түсінбей жатады. Одан да әскери адам жолығып, бір салада қызмет еткен де дұрыс шығар. Әскери адам — тазалықты сүйетін, тәртіпке бас иетін, көп күткенді ұнатпайтын, өзі де кешікпейтін адам. Маған мұндай жандар ұнайды.