Басты бетЖаңалықтарҰлттық зерттеу...

Ұлттық зерттеу девиант мінез-құлықтың себептерін анықтайды

Бүгін Алматыда Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығында ұлттық зерттеу жұмысы бойынша «Балалар мен жасөспірімдер арасындағы девиант мінез-құлықтың себептерін зерттеу әдістері» атты дөңгелек үстел өтті. Шараны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және Bilim Foundation қоры ұйымдастырды.

Іс-шараға психикалық саулық мәселелерін зерттеуші еліміздегі жетекші ғалымдар мен мамандар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, үкіметтік емес ұйымдар, Алматы әкімдігінің өкілдері, жалпы білім беретін мекемелердің қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.

Николай Негай. Фото Bilim Foundation ҚҚ баспасөз қызметінен

Зерттеу халықаралық ғылыми қауымдастық мойындаған әдіс-тәсілдерге сүйенеді. Зерттеу жұмысы барысында еліміз бойынша 3000-ға жуық баладан ата-аналардың рұқсатын ала отырып, анонимді сауалнама жүргізіледі. Сауалнамада балалардың әлеуметтік-демографиялық мәліметі, микросоциум (отбасыдағы жағдай, тәрбие моделі), биологиялық факторлар, психикалық белсенді заттарды қолдану секілді мәселе ескеріледі. Зерттеушілер тәжірибелі психологтардың бірлесе дайындаған арнайы тестілеуіне де жүгінеді, — дейді Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Николай Негай.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру»атты Қазақстан халқына Жолдауында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектеп психологтарының да жұмысын күшейту туралы нақты атап өтті. Осыған орай ұлттық зерттеуді министрліктің тапсырысы бойынша Bilim Foundation қоғамдық қоры жүргізіп жатыр. Зерттеу еліміздің бірнеше аймағында жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесін анықтау және балалар мен кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу бағытында іске асады.

Ерлан Айтмұхамбетов
Ерлан Айтмұхамбетов. Фото Bilim Foundation ҚҚ баспасөз қызметінен

Балаларымыздың психикалық саулығын қамтамасыз ету үшін олардың мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, терең зерттеп, дұрыс түсіне білу өте маңызды. Өйткені әлі күнге дейін жасөспірімдердің психологиясындағы девиация туралы ғылыми орта бірауыздан мойындаған нақты анықтама жоқ. Сондықтан зерттеудің барынша сапалы шығуы үшін біз халықаралық тәжірибемен қатар жергілікті менталитет пен тілдік ерекшеліктерді ескеруге мән беріп отырмыз. Зерттеу жұмысы девиант мінез-құлық бойынша ғылыми дискурсты байытып қана қоймай, зерттеу нәтижесіне сүйеніп жасалатын ұсыныстар мәселені шешуге де үлесін қосады деп сенеміз, — дейді Bilim Foundation қоғамдық қорының атқарушы директоры Ерлан Айтмұхамбетов.

Шара соңында дөңгелек үстелге қатысушылар зерттеу жұмысының Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің девиант мінез-құлық мәселелерін терең түсінуге үлесін қосатынына сенім білдіре отырып, жыл соңында тиісті орындарға ұсыныстар жасалатынын айтты.