МыАлматы, БізАлматымыз, WeAlmaty

Материал Еуропалық одақтың қаржылай қолдауымен Британ кеңесі, Алматы әкімдігі, «Алматыны дамыту орталығы» АҚ және Қазақ-Британ техникалық университеті іске асырып жатқан «БізАлматымыз» жобасының аясында әзірленді.

Қаланың белсенді азаматтары, меніңше — мәселені көре беруден жалыққандар. Бір рет жөнді емес дүниені байқадың да, Facebook желісіне қала әкімдігінің парақшасын белгілеп, фотосын жарияладың. Әкімдік қоқыс болған жерді тазалатуы мүмкін. Бірақ екі күннен кейін жағдай қайталанады. Бұл — мәселенің тек салдарымен күресу. Қала белсендісі — оның себебімен күресуге дайын, ойына келген идеяны жүзеге асыруға құлшынысы мол жан.

Мейрам Байгөжеков
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Омбыда дүниеге келсем де, өскен қалам — Алматы. Студенттік шағым да осы қалада өтті, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің түлегімін. Университетте белсенді достарым көп болды. Әлеуметтік бағыт бойынша жұмыс істедік, мұқтаждарға көмектестік, кейде табыс та таптық. Сәтті жобаларымыз аз болмады.

Алматы облысында бір жылы сел болып, талай шаруа шығынға ұшыраған еді. Сол кезде адамдардың бірінде жоқ дүниені екіншісінен тауып, халықты кооперативтер тәрізді біріктірген едік. Осы жобаның арқасында Бейжіңде өткен әлем кубогында 3-орын алдық. 2014 жылы Дүниежүзілік Enactus ұйымының чемпионы болдық. Бұдан бөлек, кәсіпкерлердің, құрылысшылардың жұмысын жеңілдететін жобаларды іске асырдық. Бұрын сотталған адамдарды жұмысқа орналастыру әлеуметтік жобасын жүргіздік. Қай салада болмасын сұраныс көп болды.

Мейрам Байгөжеков
Фото жеке мұрағаттан

Осындай әрекеттерімізден кейін «студенттер де мәселені шеше алады» деген түсінік қалыптастырдық десем болады. Қаланың көптеген белсенді студентімен, азаматымен таныстым. Алматыда еріктілердің белсенділігін дамытайық деген ұсыныс болды. Бұл — шынымен, қаламызда дамымай тұрған бағыт. Осылайша жастарды қоғамға пайдалы іспен айналысуға шақырдық. Жастарды «Аптасына екі сағатыңды қоғамға бөл, пайдалы іспен айналыс» деген ұранмен біріктірдік. Нәтижесінде талай жас өзі үшін жаңа нәрсе ашты. Сөйтіп 2014 жылы «Еріктілер лигасы» ресми тіркеліп, жұмысын бастады.

Қазақстанда еріктілердің белсенділігіне қатысты тәжірибе көп емес. Сол себепті шетелде мұндай шаралар қалай жүзеге асатынын зерттеп көрдік, біздің елге сай етіп бейімдедік. Қазір «Еріктілер лигасында» қала бойынша сегіз мың адам бар. Бұл топтың құрамында қазір болмасам да, керек кезде кеңестерімді айтамын. Бізден кейінгі студенттер бастаған ісімізді жалғастырып келеді.

Әр азамат қаланы қалай өзгерте алады?

Қаланы көркейтуге қатысты мәселелер жоспарлы түрде шешілуі керек.

  1. Қандай да бір мәселені байқадың ба? Шағымыңды өзің ғана еститіндей қылып айтпа, яғни құр шағымданғаннан гөрі бірден әрекетке көш. Мысалы, автобуста музыка қатты ойнап тұр немесе жүргізуші жылдамдықты шамадан арттырып жіберді. Ол кезде ашуға булықпай, сыпайы түрде жүргізушіден норманы сақтауын талап ет.
  2. Әрдайым билікті кінәлау — әлсіз позиция. Мәселені байқасаң, сергек бол. Ашу шақырудың, ызалы посттар жазудың қажеті жоқ. Біріншіден, мәселенің неден шыққанын анықтауға тырыс. Егер ол саған да қатысты болса, жағдайды реттеуге неге өзің атсалыспайсың? «Бұған мен қалай үлес қоса аламын?» деп ойланып көр.
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қазір «БізАлматымыз» жобасы бойынша фасилитатор қызметін атқарамын. Жобаның мақсаты — 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасын азаматтық қоғамның көмегімен мәдениет, бизнес, қаланың белсенді азаматтарын қалыптастыру саласы бойынша іске асыру. Жобаға Еуропа одағы 430 мың еуро көлемінде демеушілік көрсетті. «БізАлматымыз» жобасы Британ кеңесімен, Алматыны дамыту орталығымен, Қазақ-Британ техникалық университетімен серіктестік орнатқан. Бағдарламаға ЖОО-лар, шығармашылық саланың өкілдері, әлеуметтік кәсіпкерліктер және Алматы тұрғындары қатыса алады.

Егер сен белсенді азамат болсаң, қаланың көркеюіне үлес қосқың келсе, сені әр маусымда өтетін шеберханаларымызға шақырамыз. Жобада жеті фасилитатор бар, әрқайсының белгілі сала бойынша тәжірибесі мол. Қала белсендісі болғысы келетін азамат фасилитаторлардың дәрістерінен өтеді, үйренеді. Кей адамның бізге келгенге дейін нақты идеясы болмайды. Шеберханадан соң идея тауып қана қоймай, оны ресми тіркеп те алады. Сол арқылы байқауларға қатысып, жобасын іске асыруға 5 мың еуро көлемінде грант жеңіп ала алады.

We Almaty
«БізАлматымыз» форумы. Фото: Вritishcouncil.kz

Ақпараттың дұрыс тарағаны жөн. Мысалы, кей белсенді бір саябақты жөндеуге қатысты жоба ұсынады. Бірақ ол қаланы дамыту жоспарына еніп қойған. Осындай жағдай орын алмауы үшін ақпарат көздерін тексеріп алған жөн.

Қаланың ақпараттық сайттары жақсы жұмыс істей бастады. Қазір әр басқарманың бөлек сайты бар. Кері байланыс та жақсы. Бұл туралы Open Almaty-дан да біле аласыз.

Депутаттармен қалай байланыс жасауға болады?

Әкімдікке қалай, кімге хат жазу керек екенін білу керек. Бұл көп нәрсені шешеді. Шеберханаларымызда осыларды да үйретеміз. Әкімдікке кіру, әрине, оңай емес. Open Almaty қоғамдық қабылдауы — дәл осы мәселенің шешімі. Халық мамандардың қабылдауында ешқандай кедергісіз болады.

Қандай да бір мәселені депутаттардың көмегімен шешу керек екенін аңғарсаңыз, қала мәслихатының сайтына кіріп, депутаттардың тізімін алуға болады. Әр аудан округтерге бөлінеді, әр округтың депутаттары бар. Бастысы, қай округке кіретініңізді білсеңіз, сол бойынша оған хабарласасыз. Мәслихатқа бірден хабарласып та, мән-жайды анықтауға болады.

Мейрам Байгөжеков
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Өз тәжірибемнен мысал келтірейін. Біздің көшеге жарық бағаналары орнатылды. Бірақ жарық ұзақ уақыт қосылмады. Open Almaty сайтына кіріп, ЖСН-ді жазып тіркелдім (ЭЦҚ-мен де тіркелуге болады). Мәселені жазып, карта скринін жібердім. Көп ұзамай өтінішіміз ескерілді. Онлайн өтініш жазғанда бірден статусын жібереді. Сол арқылы өтінішіңнің қай деңгейде екенін, яғни оның басқармаға жөнелтілгенін, ескерілгенін, орындалғанын біліп отырасың. Өтінішке 14 жұмыс күні ішінде жауап беруі керек.

Әкімдік барлық сауалға жауап береді. Бірақ кей мәселені жеке ұйымдар жауапкершілігіне алған болуы мүмкін. Мысалы, қоқысқа байланысты мәселе туындаса, әкімдікке емес, «Алматы Тазалыққа» хабарласуың керек. Кімге хабарласу керегінің маңызы осыдан туындайды.

Мейрам Байгөжеков
Фото жеке мұрағаттан

Citizen Space бюросымен бірігіп, Әнел Молдахмет, Әділ Әжіев есімді әріптестеріммен «Қаланың болашақ манифесі» деген жобаны қолға алдық. Осы жобаның аясында алматылықтардың 20 жылдан кейін қаланың қандай болғанын қалайтыны туралы сұрап білдік. Сауалнаманы 17-20 жастағы тұрғындардан алдық. Өйткені қазіргі жастардың көбі шетелде тұрақтап қалғысы келеді. Одан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандармен, қарттармен, қоғамның басқа да өкілдерімен кездестік. Қарашада осы материалды жинап, көрме өткізгіміз келеді. Қаланың болашағын осылайша визуалдасақ дейміз. Мұның пайдасы бар тәрізді. Осы арқылы тұрғындар қала үшін өздерінің маңызын түсінер. Қазір мамандар қаланың 2050 жылға дейінгі жоспарын сызып жатыр. Осындай жобалардың көмегімен алматылықтардың, әкімдіктің, қоғамның пікірі ескеріледі деген ойдамыз.

«Қоғамдық көлік аялдамасы» деген жобамды ойластырып жатырмын. Меніңше, қалада аялдамалардың атауы әлі де реттелмеген. Мысалы, автобуста аялдаманы «Абай даңғылы» деп хабарлайды. Даңғыл 10-нан артық көшемен қиылысады. Бұны біз білерміз, ал қала қонақтары қалай ажыратады? Жобам бойынша әр аялдаманың ерекшелігіне байланысты жаңа атау енгізгім келеді. Мысалы, метрода «Жібек жолы» алдамасы бар. Автобуста да сол тұрақты неге «Жібек жолы» деп атамасқа? Меніңше, бұл қонақтарға, тұрғындарға ыңғайлы болар еді.

Мейрам Байгөжеков
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Егер басқа қалалар да біздің жобаларымызды қолға алса, қуанамыз. Ол үшін шеберханаларымызға қатысқандары пайдалы болар. «БізАлматымыз» жобасында мақсаты бір адамдар көп. Егер қандай да бір идеяң болып, оны жүзеге асыруға команда іздесең, бізге қосыл. Әкімдіктің көмегіне жүгіне аласың, жобаңды жүзеге асыруға грант ұтып алуыңа болады.

Парижде жыл сайын «Автокөліксіз күн» деген акция өткен екен. Қазір оны бір айда бір рет өткізуге көшкен. Бір күн бойы қалалықтар транспорттан бас тартады. Стастика бойынша қаладағы шу екі есе төмендейді. Менің арманым — біздің қалалықтар да ортақ мүддені ескерсе екен, көршілерімен жақсы мәміледе болса екен, барлық тұрғын сыпайы қарым-қатынаста болып, айналаны өзгертуге өзі қадам жасаса екен. Осы тұрғыда алматылықтарға жақсы мүмкіндіктер ашылып жатқанын тағы да айтқым келеді.