Атыраудағы «Балықшы» ықшамауданының 2500 пәтері орталық жылу жүйесіне қосылады. Бүгінде 36 көппәтерлі үйге жылу берілді. Бұл туралы Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев кеше «Балықшы» ықшамауданындағы жаңа жылу энергетикалық кешенінде болды. Өңір басшысы тұрғын үйлерді орталық жылу жүйесіне қосу бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты тексеріп, нақты тапсырмалар берді.
Қалалық құрылыс бөлімінің мәліметінше, орталық жылу жүйесіне барлығы 53 үй қосылады, онда 2500 пәтер бар. «Балықшы» ықшамауданындағы кварталішілік жылумен жабдықтау желілерін реконструкциялау шеңберінде жалпы ұзындығы 8 шақырым болатын жерүсті магистральдық құбыры жүргізілді. Жылу желілері трассасының жалпы ұзындығы — 22 шақырым.
Қазіргі таңда ықшамауданның 36 тұрғын үйіне жылу берілді, барлық 53 үйді толық қосуды 20 қазанға дейін аяқтау жоспарланып отыр, — деді Атырау әкімінің орынбасары Нұрлан Таубаев.
Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, «Балықшыдағы» үйлер ЖЭО-ға тәуелді схема бойынша жылумен және ықшамауданның тарихында алғаш рет ыстық сумен қамтамасыз етіледі. Магистральдық жылу трассасы мен жылу пунктінің құрылысымен «Арал Сервис» ЖШС, кварталішілік жылу трассасы құрылысымен «Гранд Мастер»ЖШС айналысты. Жоба 90% жергілікті бюджеттен және 10% республикалық бюджеттен қаржыландырылды.
Бүгінгі таңда жоба аяқталды, ол үш бөліктен тұрды, бірінші бөлім — магистральдық жылу желілері, екінші бөлім — орталық жылу пункті және соңғы тармақ. Бүгінгі күні орталық жылу пунктінің қуаты 15 мегаватт — ыстық су, 15 мегаватт — жылу, барлығы — 30 мегават. Үш жобаның жалпы құны — 3, 3 миллиард теңге, — деді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Тимур Басаров.
«Балықшы» кентінің тарихы 1937 жылдан бастап Атырау балық консервілеу комбинатының құрылуынан бастау алады. Осы уақытқа дейін кент тұрғындары ыстық су мен жылудың тапшылығын көріп келді.
Бұл үйлерде ыстық сумен қамтамасыз етуге арналған су құбыры болған жоқ, ал көпқабатты үйлер газ қазандарымен жылытылды, олардың қуаты барлық үйлерді жылыту үшін жетпеді. Өткен жылдың күзінен бастап Атырау әкімдігі «Балықшы» ықшамауданында жаңа жылу энергетикалық кешен салу жобасын жүзеге асыруға кірісті. Қазіргі уақытта үйлерді орталық жылу жүйесіне қосу аяқталып жатыр. Енді осының арқасында «Балықшы» тұрғындарының үйлеріне жылу және ыстық су келеді, — деді Атырау әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлы.
Атырау облысының әкімі қарамағындағыларға «Балықшы» ықшамауданындағы үйлерді орталық жылу жүйесіне қосу бойынша барлық жұмысты аяқтауды, ақаулар мен апатты жағдайларды болдырмау үшін ықшамауданындағы үйлерді аралап шығуды тапсырды.