Халқымыз ағаш күбіге немесе мал терісінен тігілген сабаға құйылған сүтті ұзақ пісіп, сарымай алған.
Шикі сүттен, ұйытылған айраннан немесе қатықтан сарымай алуға болады. Сабаға құйылған әбден піскен соң сүт іркітке айналған сәтте бетіне сарымай қалқып шығады. Іркіттің бетіндегі майды қалқып алып, сығымдап, суын сорғытады. Алынған майды бірден суық суға малып, іркіттен айырады. Суық суға салынған майдың басы тез бірігіп, езіліп, қолға жағылмайды. Суда басы біріккен майды табаға салып, шапалақтап ұрып, суын сығып алады. Содан кейін тұздап, сақтайтын ыдысқа салады. Бұл айтылғандар — шикі сүт өнімінен алынатын май. Ал еліміздің оңтүстік өңірінде сарымайды отқа пісірілген сүтті айран етіп ұйытып, оны ағаш күбіге пісіп немесе электр күбілерде айналдырып, алады.
Бұрынғы қазақ майды қойдың, ешкінің қарнына немесе бүйеніне салып сақтаған. Сарымайға сақталған қарнына қарай атау берілген.
- Атанқарынмай — кәрі қой мен серкенің қарнына салынған сарымай. Мұндай қарындарда май ұзақ уақыт сақталады. Өйткені бұндай қарын қатты, мығым болады. Қимас дүниені қызғыштай қорығанда «сарымайдай сақтап» деп сол себепті айтса керек.
- Ал қозықарынмай — жас малдың қарнына салынған май.
- Бүйенге салынған майды бүйенсарымай деп атайды. Бүйенге салынған майды бүйенмен бірге пішіндеп, кесіп жейді.
Сарымайды қазанға салып қайнатып, тортасынан айырып сақтайды. Оны шыжғырылған май, тортасынан айырған май, қорытылған май деп атайды. Тортасынан айырған май ұзақ сақталады және ол қыстыгүні пайдалы, аса құнарлы.
Бауырсақпен бірге қойылатын сарымай қазақ дастарханынан еш үзілген емес. Көнекөздер дастарханда сарымай тұрып, одан ешкім дәм татпаса, «сарымайдың киесі ұрады» дейді.
Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» деген кітабында бас кейіпкер сарымайды армандап, «Сарымайды ойласам, аузымның сілекей шұбырады» дейді. Жазушы тойымды асты адамның қалай сағынатынын дәл суреттейді.
Сарымай өсімдік майынан әлдеқайда құнарлы. Көшпелі қазақ сарымай жеп, түзде тоңбаған, ашықпаған.
Табиғи сарымай А, D, E, K дәрумендеріне бай. Бұл заттар мидың, көру жүйесінің, тыныс алу мүшелерінің жұмысын жақсартады.