5G интернет желісі Қазақстанда 2021 жылға дейін пайда болады

Қазақстанда 2016 жылы 3G байланыс қызметін халықтың 86,8%-ы пайдалана алды. Ал былтыр 4G жоғары жылдамдықтағы интернет желісі халық саны 50 мыңнан асып жығылатын аймақтарда және барлық аудан орталығында қосылды. 2017 жылы интернет қолданушылардың саны халықтың 77%-ына жеткен еді. 2021 жылға дейін елімізде 5G жылдамдықтағы интернет желісі пайда болмақ. Оған себепші болып отырған — «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы.

Бұл жылдамдықтағы интернет желісін қосу басталып кетті. 5G желісі 60 ГГц лицензиясыз көлемде жайылады. Кейінірек бұл желіде деректерді беру үшін компания коммерциялық қызмет көрсете бастайды. 2021 жылы Қазақстанда ұялы байланыс операторларының біреуі 5G-сервисін ұсынбақ. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, 5G желісінің дамуы журналистерге жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Қазіргі таңда ең айқын тренд ол — әлеуметтік желілер ғана емес, жалпы интернет, онлайн-платформа. Болашақта көп нәрсе онлайнға алмасады. Министр онлайн жүйені «бірінші тренд» деп атады.

Екінші тренд деп отырғаным – телеөнім мен радиоөнімнің арасында айтарлықтай айырмашылықтың байқалмай қалуы. Барлығы ылғи өзгеріп, орын алмасып, жаңғырып отырады деп ойлаймын. Сондықтан 5G желісін дамыту бізге мол мүмкіндік бермек. Журналист жалғыз телефонды ұстап жүріп-ақ бірнеше бұқаралық ақпарат құралының жұмысын атқара алатын болады. Тілшілер қазіргіден мобильді, жылдамырақ болады. Соған сәйкес ақпарат та тез тарап, халық дер кезінде хабар біліп отырмақ, — деді Дәурен Абаев.

Биыл 5G желісі тестілеуден өтіп, оны қалай іске асыру нәтижелі болатыны, жұмыстың қалай жүретіні анықталмақ. 2020-2021 жылға қарай жоғары жылдамдықтағы интернет желісінің келетіні анық.

Интернет дегенде ұялы байланыс абоненттерін айналып өте алмаймыз. Ғаламдық тренд ұялы байланыс абоненттері санының өсуімен сымсыз мобильдік желілерді дамытуға көшіп отыр. Елімізде 26 миллионнан астам абонент бар екен. Былтырғы рейтинг бойынша, Қазақстан ұялы байланыс абоненттерінің тығыздығы бойынша әлемде 17-орында тұр. Ал биылғы Content Review сарапшыларының зерттеуі бойынша Қазақстан 3G және 4G желілерінің қызметіне аз төлейтін алғашқы 10 елдің қатарына еніп отыр. Зерттеу 50 елге жүргізілген.

интернет графика

 

Зерттеу барысында 137 байланыс операторының тарифтік ұсыныстары талданып, бір гигабайттың бағасы Ресей рублі бойынша есептелген. Бір гигабайттың әлемдік орташа бағасы, шамамен 280,49 рубль (1562,82 теңге) тұрады. Гигибайт құнын есептеу үшін 3 және одан жоғары гигабайттағы тариф опциялары немесе қосылған трафик алынған.

Ең арзан мобильдік интернет Иранда болса, ең қымбаты Жапонияда екен. Қазақстан мобильдік интернеті арзан тұратын алғашқы ондықтың ішінде 4-орында тұр. Республикадағы мобильдік интернет құны — орта есеппен 49,5 рубль (275,80 теңге). Алайда былтырмен салыстырғанда бұл — қымбаттағаны. 2017 жылы ұқсас зерттеу нәтижесінде Қазақстан үшінші орын алған еді.

Зерттеудің авторы, Content Review жетекшісі Сергей Половниковтың айтуынша, мобильдік интернеттің бағасы мемлекеттің жер көлемі мен нарықтағы бәсекелестікке байланысты екенін айтады. Салыстырмалы түрде көлемі кішкентай Польшада мобильдік интернет бағасының арзандағаны сонша, рейтингте екінші орында тұр. Ел рейтингте бірден 13 қадамға төмен түскен.

Бұл — Польшадағы LTE желілерінің құрылысы мен бір уақытта бағаны төмендететін жергілікті операторлар арасында бәсекелестікті күшейтудің салдары. Бүгінгі таңда зерттеумен айналысатын елдерде төртінші буындағы желілер іске қосылып, кейбіреулері 5G іске қосылуға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр, — дейді Сергей Половников.