Басты бетБілімНұрсұлтан Назарбаев...

Нұрсұлтан Назарбаев мұнай саласынан басқа мамандықтарды таңдауға кеңес берді

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбедегі жұмыс сапарының екінші күні Энергия тиімділігі орталығының жұмысымен танысты. Орталықтың негізгі міндеті — баламалы энергетика технологиясын көрсету және тұрғын үйлерді ыстық сумен, жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ету үшін оны пайдалана білуге үйрету.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл орталықтың ғимараты күн панельдерімен, газ-поршень станциясымен, геотермал жүйемен, жел генераторларымен жабдықталған. Мұнда Қала тіршілігін қамтамасыз ету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инженерлік желілеріне мониторинг жүргізу орталығы, Халыққа қызмет көрсету орталығы, облыстық ішкі істер департаментінің Жедел басқару орталығы, Ақтөбенің «Алматы» ауданы әкімінің аппараты орналасқан.

Нұрсұлтан Назарбаев енгізілген жаңалықтарға оң баға беріп, EXPO-2017 халықаралық көрмесінде таныстырылған жасыл технологияларды тәжірибеде қолданудың маңызды екенін айтты. Ақтөбе әкімі Ілияс Испанов Президентке облыс орталығының даму барысы туралы және Ақтөбе агломерациясы мен SmartCity Ақтөбе жүйесін, қаланың қоғамдық кеңістігін құру жөнінде берілген тапсырмалардың орындалуы туралы мәлімдеді.

Мемлекет басшысы дарынды балаларға арналған «Әсем» білім беру және таным орталығының жұмысымен де танысты. Бұл білім мекемесінің мақсаты — балалардың зияткерлік және тұлғалық әлеуетін дамыту үшін қолайлы жағдай жасау. Орталықтың тәрбиеленушілері Президентке оқу аудиториялары мен лаборатория кабинеттерін көрсетті.

Нұрсұлтан Назарбаев жас жеткіншектерге «Болашақ» стипендиясы, Назарбаев Университеті, Назарбаев Зияткерлік мектептері және олардың жалпы ел экономикасына тигізіп отырған пайдасы жөнінде әңгімелеп берді.

Облыс жастары мұнай-газ саласы бойынша білім алуға тырысады. Бүгінде мұнай бағасы қалыпты, бірақ бірнеше жылдан кейін оның құны төмендеп, мұнай өндіру азаюы мүмкін. Сондықтан болашақта сұранысқа ие болатын білімді таңдау қажет, — деді Мемлекет басшысы.

Президент жұртшылық өкілдерімен әңгімелесу барысында Ақтөбе облысының еліміздегі тез өркендеп келе жатқан өңірлердің бірі екенін, 20 жыл ішінде Ақтөбе тұрғындарының саны екі есе көбейгенін және қазіргі уақытта жарты миллионнан асқанын айтты.

Ақтөбе бай табиғи ресурстарының, дамыған өндірісі мен кен өндіру саласының арқасында Батыс Қазақстанның орталығына айналды, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына оң баға берген Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арналған жаңа Жолдаудағы және өңірлік деңгейде шешілуге тиіс бірқатар мәселені атап өтті.

2019 жылдан бастап ең төменгі жалақы 1,5 есе өседі. Бұл 40 мың ақтөбеліктің әл-ауқатына оң ықпал етеді. Олардың жартысы — бюджет саласының қызметкерлері. Ірі кәсіпорындар осы бастаманы қолдайды деп сенемін, — деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев көлік инфрақұрылымын дамыту және жергілікті маңызы бар жолдардың сапасын жақсарту мәселелеріне арнайы тоқталды.

Облыстың географиялық жағдайын ескере отырып, Еуразия экономикалық одағына мүше елдермен сауда-саттық жасаудың транзиттік мүмкіндіктерін кеңейту қажет, — деді Мемлекет басшысы.

Президент сапар қорытындысы бойынша журналистер алдында сөйлеген сөзінде өңір басшылығының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізу және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жөніндегі жұмыстарына жоғары баға берді.

Облыс экономикасы өсіп, жолдар, мектептер салынып, қала инфрақұрылымы дамып жатыр. Ақтөбеліктердің әл-ауқаты жақсарып келеді. Жергілікті атқарушы органдар халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және «Бес әлеуметтік бастама» мен «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауды одан әрі іске асыруға күш жұмылдыруы керек, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.