Сырттай оқу жүйесі 2019 жылдан бастап тоқтатылады

Мұндай оқыту формасының орнын қашықтан білім беру жүйесі басады.

жоо диплом
Фото: Duis-uralsk.gov.kz

Қазақстанның жоғары оқу орындары сырттай оқу формасын 2019 жылдан бастап тоқтатады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты.

Министрдің мәліметінше, мұндай норма ЖОО-лардың академиялық және басқару дербестігін кеңейтуге қатысты заңнамалық түзетулерде қарастырылған. Сырттай бөлімдерде оқып жатқан студенттерге оқуын аяқтауға мүмкіндік беріледі.

Министрліктің мәліметінше, қолданыстағы норма бойынша сырттай бөлім бағдарламасын студенттерінің 65%-ы ғана игереді. Соған қарамастан оқу үлгерімі жақсы студенттер де, қалғандары да бірдей диплом алып, еңбек нарығына келіп жатыр. Сонымен бірге күндізгі бөлімде оқуға мүмкіндігі жоқ, бірақ білім алғысы келетін қазақстандықтар да бар. Олар үшін келешекте қашықтан оқыту жүйесі енгізіледі. Мұндай жүйемен білім алатындар бағдарламаны 100% игереді.

Қазақстанда сырттай оқу жүйесіне 2010 жылы шектеу енгізілген еді. Сол жылдан бастап мұндай бөлімдерге тек жоғары немесе орта арнаулы білімі бар талапкерлер қабылданды. Сырттай оқу бөлімінде мамандықтар тізімі де қысқарған еді, айталық, медицина, ветеринария, құрылыс мамандықтары бойынша жоғары білім тек күндізгі бөлімдерде беріледі.